Павлодарда алимент төлей алмағандарға жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті

Алимент төлемейтіндер мен пробация қызметінде тіркеуде тұрған азаматтар жұмыс істеп табыс табуға тиіс.

Павлодарда осындай адамдар үшін арнайы жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Мұнда 13 кәсіпорын 200-ден аса қызмет ұсынды. Еңбек нарығында әдеттегідей техникалық мамандардың тапшылығы байқалады. Инженер, механик, слесарь, ұста мен дәнекерлеушілерге сұраныс көп. Жәрмеңкеге пробациялық есепте тұрған және алимент төлей алмай жүрген 22 адам жұмыс іздеп келіпті. Солардың жетеуі тұрақты жұмыс тапты. Жалпы сотталғандарды ешкім жұмысқа ала қоймайды. Сол себепті халықты жұмыспен қамту орталығы ірі кәсіпорындарымен, шағын және орта бизнес нысандарымен арнайы келісім жасаған. 

Бақытжан Болатханова, қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы:

- 25 меморандум бекітілген. Аталған санаттағы азаматтарды жұмысқа орналастыру ісі жылдың аяғына дейін жалғасады. Кәсіпорын басшылары оларды уақытша болса да жұмысқа алса екен дейміз.