Байқоңырда баспанамен қамту жобасы жүзеге асырылып жатыр

Байқоңырда соңғы 30 жылда алғаш рет баспанамен қамту жобасы жүзеге асырылып жатыр.

Былтыр бюджеттік сала қызметкерлері мен тұрғын үй кезегінде тұрған қазақстандықтар 250 пәтерге қоныстанған болатын. Енді тағы Қазақстан азаматтары үшін 5 көпқабатты үйдің құрылысы жүріп жатыр. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан нысанға республикалық бюджеттен 3 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. Баспана жыл аяғына дейін пайдалануға берілуі тиіс.

Байқоңырлықтардың жеке үй сатып алуға мүмкіндігі жоқ. Барлық баспана мен нысан қала әкімшілігінің теңгерімінде болғандықтан тұрғындар меншік құқығынсыз тек жалдап тұра алады. Ал коммуналдық тарифтер тым қымбат. 10 шақты жыл осылай пәтерден пәтерге көшіп жүрген Мейрамбек Есаманов бар тапқанымыз төлемақыға кететін дейді. Жергілікті мектепте шаруашылық меңгерушісі болып істейтін азаматқа өткен жылы Қазақстан тарапынан үй берілді.    

Мейрамбек Есаманов, Байқоңыр қаласының тұрғыны:

- Қалада жылуға 12 ай бойы ақы алады. Ал біздің жаңа үйлерімізде 6 айға ғана төлейміз. Өзіміздің салынған үйдің бу қазандығы бар болғандықтан 6 ай төлемейміз. Газ да өзіміздің Қазақстанның газы. Кубына 14 тг төлеп тұрамыз. Осыған орай Қазақстанға рақмет айтқым келеді.

Жалпы Байқоңырдағы 67 мыңдай тұрғынның 51 мыңнан астамы қазақстандық. Соның мыңға жуығы тұрғын үй кезегінде тұр. Жұлдызды қалашықта Ресей тарапы соңғы 20 жылда бірде-бір құрылыс жүргізбеген. Тек Қазақстан қаржысына әлеуметтік нысандар салынды.  

Қайрат Нұртай, ҚР Президентінің "Байқоңыр" кешеніндегі арнаулы өкілі:

- Жақсы жаңалықтардың бірі деп айтуға болады. Байқоңырдағы соңғы жылдары әлеуметтік нысандар Қазақстан жағынан салынған солар бойынша көп мәселелер көтеріліп жүр. 2013-2016 жылдары бір мектеп, бір балабақша сосын аурухана салынған болатын. Олар қазір халыққа сапалы қызметін атқарып жатыр. Біраз мәселелер бар оларды қамту бойынша, мамандары бойынша. Кезең-кезеңімен шешімін тауып жатыр.

Қазақстан тарапы Байқоңыр қаласының инженерлік инфрақұрылымдық жүйелерін де жаңартып жатыр. Тұрғындарды сапалы сумен қамту және су бұру құбырларын жаңғыртуға ел қазынасынан 12 миллиард теңге бағытталып отыр. Ол жұмыстар 2025 жылға дейін жалғасады.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Бәйділдаев