Сайлау учаскелеріне мас күйінде келген 4 адам анықталды

Сайлау кезінде 19 заң талаптарын бұзу дерегі тіркелді.

Оның 12-сі өзге адамдар үшін дауыс беру бюллетендерін берумен байланысты. Сонымен қатар біреу үшін дауыс бермек болған тағы 5 тұлға анықталды. Оларға қатысты тиісті шешім қабылданып жатыр. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының басқарма басшысы Азамат Сарғазин брифинг кезінде мәлімдеді. Бұған жол берген сайлау комиссияларының мүшелері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Азамат Сарғазин, ҚР Бас прокуратурасының басқарма басшысы:

- Тағы екі факті тыйым салынған кезеңде яғни бүгін сайлау алдындағы үгіттің жүргізілуі Олдар Батыс Қазақстан және Павлодар облысында орын алған. Бұл әрекеттер ӘҚҚК 102 бабында көзделген құқықбұзушылықтың құрамын құрайды.    

Сондай-ақ сайлау учаскелерінде заңға қайшы әрекет еткен 32 азамат анықталды. Олар комиссия мүшелерінің жұмысына кедергі жасаған, учаскеде бейне түсірілім жүргізіп, дөрекі мінез-құлық көрсеткен. Әкімшілік полиция комитетінің мәліметінше, Алматы, Жетісу және Шығыс Қазақстан облыстарында бюллетеньдерді бүлдірудің 3 дерегі тіркелген. Ал Ұлытау, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарында сайлау учаскесіне мас күйде келген 4 азамат анықталды.

Қайсар Сұлтанбаев, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы:

- Құқық бұзушылар куәландырылды және оларға әкімшілік кодекс бойынша 444 және 434 баппен әкімшілік хаттамалар толтырылды. Полиция қызметкерлері штаттық режимде қызмет атқаруда. 506 жабық сайлау учаскелерінің 433-нде дауыс беру аяқталды.