Маңғыстаудағы Наурыз мерекесі. LIVE

Ұлыстың ұлы күні Маңғыстау облысында да кең көлемде тойланып жатыр.

Ақтауда жылдағы дәстүрмен Каспий жағасында ақ шаңқан киіз үйлер тігілді. Концерттік және спорттық бағдарламалар кешелі бері жалғасуда. Әріптесім Талғат Исламұлы бізбен тікелей байланысқа қосылды. Қала жағажайында бүгін қандай іс-шаралар өтпек?

Талғат Исламұлы, тілші:

- Ұлыс оң, ақ мол болсын. Әз Наурыз мерекесіне арналған ұлттық ойындар мен концерттік бағдарламалар облыстың барлық аудан-қаласында 13-наурыз Амал мейрамынан бері жалғасып келеді.

Күні кеше осы жағажайда киіз үйлер тігілді. Күндіз көрермен театрландырылған қойылымтамашаласа, кешқұрым жастар алтыбақанда тербеліп, Каспий жағалауын ән-күй кернеді. Біз тұрған дала сахнасының алдында қазір жәрмеңке өтеді. Оған жергілікті қолөнер шеберлері әзірлеген қазақы нақыштағы тұрмыстық бұйымдар мен киімдер қойылады. Бір мезетте амфитеатрда балалар шығармашылығы және өнер ұжымдарының концерті болады. Ауқымды мәдени және спорттық шаралар кешкісін де өткізіледі. Бүгін Ақтауда және аудандар арасында қоғамдық көлікте жүру тегін. Дейтұрғанмен, көпшілікке жағалауға дейін жаяу жүріп келуге тура келеді. Өйткені 15-шағын аудандағы көлік жолы таңғы 08:00-ден бастап 18:00-ге дейін уақытша жабық. Айта кетсек Ұлыстың ұлы күнінде облыс бойынша «Таза табиғат» акциясы басталды. Елді мекендерде санитарлық тазалау жәнетал көшеттерін егу 29 сәуірге дейін созылады.