Абай облысында Наурыз мейрамы жаңа форматта атап өтілді

Семей жұртшылығы да бүгін шат-шадыман. Наурыз мейрамын жылдағыдан өзгеше сән-салтанат, ерекше көңіл-күймен тойлап жатыр.

Расында, Семей өңірі үшін биылғы Наурыздың жөні бөлек. Аймақ халқы Ұлыстың ұлы күнін 25 жылдан кейін жаңа облыстың тұрғындары ретінде өзгеше көңіл-күймен қарсы алуда. Мереке кеше қаланың шеткі ауылдары мен барлық ықшам аудандарында атап өтілсе, бүгін міне орталық алаңда айрықша сән-салтанатпен тойлануда.

Жаңадан құрылған облыс орталығында Наурыз мейрамы жаңа форматта атап өтілді. Орталық алаңға 30-ға тарта киіз үй тігіліп, әрқайсысына Абай, Құнанбай қажы, Абылай, Қабанбай батыр, Кенесары хан сынды даңқты тұлғалардың есімі берілген. Мәселен, Абай ауылы көшпелі көрме ұйымдастырып, Абай музейінің құнды жәдігерлерін жұрт назарына ұсынды.

Азамат Қажыбай, Абай музейінің ғылыми қызметкері:

- Сонымен қатар қаладағы Орталық кітапхананың құнды кітаптары келушілерге көрсетілді. Мәдениет сарайының әншілері дәл осы киіз үй алдында жұртқа көңіл-күй сыйлап, әдемі әнмен қарсы алатын болады.

Мерекелік шара өнерпаздардың театрландырылған қойылымы мен Қыдыр атаның ақ батасынан басталды. Облыс басшылығы да халықпен бірге мейрамды тамашалап, жылы лебізін жеткізді.

Нұрлан Ұранхаев, облыс әкімі:

- Тамырын тереңнен тартқан Ұлыстың ұлы күні біртұтас бірліктің, тату тірліктің бері негізі. Жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыс пен ынтымақтың арқауы болған Наурыз мерекесі баршаңызға құтты болсын!

Алаңға жиылған жұрт қазақ күресі, қой көтеру секілді спорттық сайыстарды тамашалап қана қоймай, тегін таратылған Наурыз көже мен палаудан дәм татты.

БЛИЦ:

- Ұлыстың ұлы күні құтты болсын! Ақ мол болсын! Мереке осындай жақсы көңіл-күйде өте берсін.

- Бүгін күн тамаша. Наурызға арнап тігілген ауылдарға кіріп шықтық. Халықтың көңіл-күйі тамаша.

- Семейде Наурыз мейрамы жоғары деңгейде өтіп жатыр деп ойлаймын. Өте әдемі безендірілген.

Абай облысында Наурыз мейрамына орай 500-ге жуық іс-шара өтіп жатыр. Ал Семейдегі салтанат қазақ эстрада жұлдыздарының гала-концертімен түйінделеді.

Авторлары: Азамат Қасым, Медет Өмірханов