Үй жануарларын ұстау бұйрығына өзгерістер енгізіледі

Қазақстанда да үй жануарларын ұстаудың және серуенге шығарудың үлгілік қағидаларын бекіту бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Қазір жаңа ережелер Ашық үкімет порталында қоғам талқысына шығарылған. Қолданыста бар тәртіп көптеген ит пен мысық асыраушының наразылығын тудырған еді. Олар ескі ережеде жануарларды қорғаушылардың ұсыныстары ескерілмегендігін айтып шағымданған.

Үй жануарларын ұстаудың және серуендетудің қағидаларына қатысты бірінші болып алматылықтар дабыл қақты. Бұл шаһарда мәслихаттың шешімімен жыл басында әкімдік өз тәртібін қабылдап, иттері бар адамдардың наразылығын тудырды. Жаңа талап бойынша төрт аяқтылар, күшіктен бастап үлкеніне дейін далада тұмылдырықсыз еркін жүре алмайды. Тіпті, иттерді серуендетуге арналған арнайы орындарда да қарғы бау тағу міндеттелді.

Анастасия Азюзина, Алматы қаласының тұрғыны:

- Итті 1,5 метр қашықтықтан алысқа жіберуге болмаса серуендетуге арналған арнайы орындар не үшін құрылды? Бұндай жерде олар еркін жүгіріп, ойнауы керек қой. Оның үстіне осындай орындардың саны өте аз. Тұмылдырыққа да қатысты сұрақ көп. Мәселен күшікке оны қалай кигіземіз? Иттің  тұқымы әр түрлі. Кейбірінің тұмсығына тұмылдырық тұрмайды.

Жануарларды қорғаушылар жаңа ереже әзірлеуге кірісті. Олар қолданыста бар бұйрыққа өзгерістер мен толықтырулар енгізу бастамасын көтеріп, ұсыныс тастады.

Лилия Сәрсенова, жануарларды қорғау қауымдастығының жетекшісі:

- Бұндай құжатты алматылық әкімдік қана емес, 11 өңірдің жергілікті атқарушы билігі қабылдап тастаған. Шешім әрине үй жануарларын асыраушылардың ашуын туғызды. Осы үлгілік ережелерге өзгеріс енгізу үшін біз көп күрестік. Кей мемлекеттік органдар ұсыныстарды талқылаймыз деп ұзақ уақыт жүріп алды. Сондықтан көптеген әкімдік 2022 жылы жарияланған ережені бекітіп жіберген.

Жаңашылдықтар қазір Ашық үкімет порталында қоғам талқылауына шығарылған. Ережеге сәйкес енді тұмылдырық бойы 56 сантиметрден биік және салмағы 30 келіден асатын иттерге тағылады. Сондай-ақ, екпе салдыру да қажет.

Ринат Есмағұлов, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі комитетінің бас сарапшысы:

- Бұл министрлік қабылдайтын үлгілік ережелер ғана. Яғни жергілікті жерлерде мәслихаттар осыған сүйене отырып, өз тәртіптерін бекіте алады. Өзгеріс енгізулеріне де мүмкіндік бар. Бірақ, негізгі құжаттан қатты алшақтауға болмайды.

Ашық үкімет порталына шығарылған жаңа ереже сәуірдің 6-сына дейін қоғам талқысында болады. Қабылданған құжат қандай сипатта болатынын уақыт көрсетеді.

Риат Шони, Ерлан Наурызбаев, Гулжан Айнабекова және Сержан Жумабаев