Елордада суды тұтыну мөлшері артты

Су қауіпсіздігін қамтамасыз ету стратегиялық маңызы бар міндет екенін Президент қадап айтты. Ал Елордада бірқатар көпқабатты үй тұрғындары судан тапшылық көрудеміз деп шағым айтып отыр. «Астана су арнасы» коммуналдық мекемесіндегі мамандар оны қысымның төмендігімен түсіндірді. Енді қалаға су беру тәртібі кесте бойынша реттелмек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл көпқабатты үй тұрғындарының айтуынша, әр жексенбі сайын кешкі 7-ден түнгі 1-ге дейін су тойтайды. Соңғы кезде тіпті аптаның кез келген күнінде тіршілік нәрінен қол үзіп қалатындарына наразы. Мәселе бірнеше жылдан бері шешімін таппай келеді. Бүгінде су тапшылығы қаладағы бірқатар шағын ауданның тұрғындарын алаңдатып отыр.

Ақбаян Асенова, қала тұрғыны:

- Осы үйде 2017 жылдан бері тұрамыз, бұрын-соңды су мәселесі шамалы болған, бірақ дәл бұндай емес. Қазір бізде әр жексенбіде су сөндіріп тастайды. Бұрын 1 сағатқа сөндіретін, қазір сағат 6-дан бастап түнгі 1-ге дейін сөндіріп тастап отыр.

Райхан Бекмусина, мүлік иелері бірлестігінің төрағасы:

- Қараңызшы, қаншама жаңа үй салынды, әлі де салынып жатыр. Сол себепті бізге су жетіспейді. Қала билігі мәселені шешудің бір амалын тапсын деп талап етеміз.

Бүгінде елордалықтар тәулігіне 330 мың текше метрге дейін су тұтынады. Ал қажеттілік – 350 мың текше. Әсіресе таңертең, күндіз және кешкі уақытта суды тұтыну деңгейі күрт артады. Енді одан өзге сағаттарда судың қысымы төмендетіледі, - дейді мамандар. «Астана су арнасы» коммуналдық мекемесінің қызметкерлері бұл шара су қорын реттеу үшін қажет деп түсіндірді. Қалаға су үздіксіз жеткізіліп жатыр, алайда сорғы-сүзгі станцияларының қауқары шамалы.

Талғат Бекмағамбетов, «Астана су арнасы» МКК сорғы-сүзгі станциясының бастығы:

- Күндіз суды беру үшін біз түні бойы суды жинаймыз. Суды жинау үшін қысымды түсіреміз, өйткені жоба қуаттылығы жетпей тұр, түні бойы суды жинаймыз. Станцияның қуаттылығы 305 мың. Біз қалаға 330 мыңдай су беріп жатырмыз. Енді жобадан астам суды беріп жатырмыз. Келесі станция керек. Бір сөзбен айтқанда, қоса беру керек. Енді ол әкімдіктің құзырында, біз тек эксплуатациямен айналысамыз. Салып біткеннен кейін біз қабылдаймыз, қолымызға аламыз, жұмыс істейміз.

Мамандардың айтуынша, биылғы қыстағы су тұтыну көлемі былтырғы жаз кезеңінің мөлшерінен асып түскен.

Жанна Досжанова, «Астана су арнасы» МКК сорғы-сүзгі станциясының жетекші инженер-технологы

- Ас судың көзі ол Астаналық су қоймасы. Сол қоймадан су 3 құбырмен диаметрі 1000-1400 мм осы сорғы-сүзгі станциясының қабылдағыш камераға келіп құйылады. Негізі су 3 кезең тазартудан өтеді. Ол залалсыздандыру, бұлыңғырлығын азайту және сүзгілерден өткізу. Осы этаптардан өткесін су ас су резервуарларына келіп құйылады, сол жерде жиналады және жаңағы үлкен сорғылармен резервуарлардан су қаланың желілеріне таратылады.

Үшінші сорғы-сүзгі станциясын іске қосу биылғы жылдың үшінші тоқсанына жоспарланып отыр. Қуаттылығы 105 мың текше метр болатын жоба биылғы қажеттілікті толық өтейді. Алайда жаңа тұрғын үйлер мен ғимараттардың бой көтеруімен суды пайдалану деңгейі де артып барады. Таяуда төртінші сүзгі станциясын салу жобасы пысықталады.

Алтай Көгінов, ҚР Премьер-министрі орынбасарының м. а.:

- Көші-қон, ішкі миграциялық ағындар мен демографияның өсуіне байланысты осы болжамдарды біле, біз алдын ала үшінші сорғы-сүзгі станциясын сала бастадық. 5 жылдан кейін бұл нысан да қажетті деңгейде сумен қамти алмайды. Сондықтан тағы төртінші станцияның құрылысын бастауымыз керек.

Нұрлан Бекназаров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Соңғы кезде ол жалғыз біздің астанада емес, бүкіл әлемде қолданылып жатқан мәселелер. Техникалық жабдықтар солардың істен шығып жатқандығы. Судың мәселесі, тапшылығы электр жарығына да байланысты болады, сондай ақаулар болып атқан кезде, өкінішке қарай, ондай фактілер бар. Ол жалғыз Астанада емес, біздің үлкен қалаларымызда кездесіп жатады. оның барлығын жергілікті әкімдіктер техникалық жаңағы жауапты салалы мекемлелер жіті бақылауына алып, қондырғыларын ескіргендерін ауыстырып, жаңғырту мәселелерін қою керек деп ойлаймын. Оған Үкіметтің күші, қаржысы жеткілікті халықты сумен қамтуға.

Бүгінде елорда халқының саны – 1 млн 300 мың. Бейресми дерек бойынша, 1,5 млн-ға жетеді. Сарапшылар суды үнемдеуге әр азамат бей-жай қарамауы тиіс деген пікірде.

Авторлары: Рухани Асқар, Руслан Әлиев, Жандос Битабаров.