Ертіс өңірінде қызылша ауруына қарсы шаралар күшейтілді

Ертіс өңірінде қызылша ауруына қарсы иммундау және алдын алу шаралары күшейтілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі елде эпидемиологиялық жағдай күрделеніп барады. Қазір облыс «жасыл» аймақта. Десе де инфекция көршілес мемлекеттерден келген адамдардан жұғуы мүмкін. Осы күнге дейін қауіпті дерттің бір дерегі тіркелді. Бір жасар нәресте тиісті ем-дом шараларынан соң жазылып шықты. Вакциналау кезінде 800-ге жуық ата-ана балаларына екпе салудан бас тартқан.

Сала мамандарының айтуынша, ауруға көбінесе иммундаудан өтпеген сәбилер шалдығып жатады. Оған қоса қызылша асқынса, менингит, пневмония сияқты ауруларға өршіп кетуі ықтимал. Осы себепті өңірдегі барлық емханада екпе кабинеті іске қосылған. Онда кез келген ата-ана мамандардың кеңесіне жүгіне алады. Ал медициналық ұйымдарда вакцинаның 19 мың дозасы бар.

Зәмзәгүл Дощанова, облыстық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары:

- Облыста 1 ай бұрын қызылшаға қарсы қосымша иммундау шаралары басталды. Вакциналауға жататын балалардың тізімі жасалды. Бүгінде 2751 баланың 400-ге жуығы екпе алды. Әр емханада иммунологиялық комиссиялар бар. Мамандар тиісті шараларды қолға алады.