Экология туралы тұңғыш қазақша мультхикая көрерменге жол тартты

Елімізде алғаш рет экология тақырыбына арналған қазақша мультхикая бүлдіршіндер назарына жол тартты.

Мультфильмді көрермендерге тау-кен металлургия саласындағы ірі компаниялардың бірі "Казцинк" және Қазақстанның қоғамдық даму институты таныстырды. Бірнеше бөлімнен тұратын анимациялық видео тазалық мәдениетін сақтауға үйретеді.

Экологиялық тазалықты сақтауға шақыратын мультхикая 7 бөлімнен тұрады. Ішіндегі басты кейіпкер - қарапайым бала. Ол қоршаған ортаны қорғау керектігін түсініп, өсімдіктер мен жан-жануарларға қамқорлық көрсетуді үйренеді.

Сұлтан Мұстафин, RUH.KZ порталының бас редакторы:

- «Казцинк» компаниясының демеушілігімен Қазақстанның қоғамдық даму институты 2 жобаны іске асырды. Бірінші "Жас дарын" жобасы, екіншісі анимациялық роликтер сериясы. Анимациялық роликте нақты бір шектеу жоқ. 12-13 жастағы балаларға дейін көре беруге болады.

Анимациялық роликте ғаламшарымыздың ластану себебі түсіндіріледі. Пайдалы қазбалар қорының шектеулі екені баяндалады. Мультжинақты ата-аналардан бастап, мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің мұғалімдеріне дейін пайдалана алады.

Евгений Фоминых, "КАЗЦИНК" компаниясы қоғаммен байланыс басқармасының басшысы:

- Біздің ойымызша, бұл контент экологиялық тақырыпты қаузап қана қоймай, мемлекеттік тіл мәртебесін де асқақтатады. Осылайша, қазақша контент үлесі артады.

«Нарықтық заманда көп адам тұтынушылық көзқарасқа басымдық береді. Табиғатқа жанашырлықпен қарауды ұмытып кетіп жатады»,- дейді Нұрбек Матжани.

Нұрбек Матжани, "Қазақстанның қоғамдық даму институты" КЕАҚ басқарма төрағасы:

- Бұл бағыттағы жұмысты өскелең ұрпақтан бастауды жөн көрдік. Осыған байланысты кішкентай көрермендерге арналған форматты таңдадық. Балаларға экологиялық мәдениетті сақтау тәрбиесін берсек, ғаламшарымызды қаз-қалпында сақтап қала аламыз.

Бұл металлургтердің ұйытқы болуымен жасалып жатқан алғашқы жоба емес. Осыдан 2 жыл бұрын Шығыс Қазақстанда да экологиялық тазалық тақырыбына арналған роликтер топтамасы таныстырылды. Ал жоғарыда айтылған мультхикая ruh.kz порталының сайтында, әлеуметтік желісінде және ютуб арнасында жарияланады.

Авторы: Мирлан Алтынбек