Шетелдің үздік мультипликациялық фильмдері қазақшаға аударылып жатыр

Шетелдің үздік мультипликациялық фильмдері қазақшаға аударылып жатыр. Бір қызығы, онымен  кәсіби мамандар емес мектеп оқушылары айналысады.

Еліміз бойынша алғаш болып Екібастұзда ашылған балалардың дубляж студиясы аударған «Бэймакс» туындысы ютуб арнасында 56 мың қаралым  жинаған. Шағын үйірмеге оқушылар қызығушылықпен барады. Келешекте олар елімізге танымал анимациялық компаниялармен әріптестік орнатуға мүдделі. Өйткені әр үш айда бір мультфильмнен аударуды жоспарға алған.

Жұлдыз Күнбақытқызы дубляж студиясына жарты жыл бұрын келді.  Ол қазір «Сәттілік» мультфильміндегі кішкентай Хэзелді қазақша сөйлетеді.  Кейіпкері, басты рөлдегі Сэмнің құрбысын ол өте мейірімді, жетім болса да үнемі көтеріңкі көңіл күйде жүретін, ақылды және тәрбиелі қыз - деп  сипаттап берді.

Жұлдыз Күнбақытқызы, оқушы:

- Сэм деген қыз ол сәтсіз қыз болғаннан кейін, олар видео түсіреді, би билейді сосын ол қызға үстіне свет құлайды және ол жерде артындағы фон құлайды. Сол кезде менің рольдегі қыздың  айтатын сөзі "Құдайым-ау түсірілді, түсірілді сен шынымен де сәтсіз адам екенсің  ғой Сэм Гринфилдт - деген сөзді ол қызға құлаған кезде  сол сөзді айтады.

Шамиль Жақсыбаев дубляж студиясына кездейсоқ тап болған.  Ол балалар шығармашылығын дамыту орталығына блогерлікті меңгеріп, актерлік шеберлікті шыңдауға келіпті. Орыс мектебінде білім алатын жасөспірімді  дубляж қатты қызықтырған. Осылайша үнемі медициналық көмек көрсетуге асығып тұратын робот-дәрігер Бэймакс Шамильдің дыбыстауымен қазақша сөйледі. Жеткіншектің өзі де ана  тілін жетік меңгеруге талпынып жүр.

Шамиль Жақсыбаев, оқушы:

- Менің ұстазым Бэймаксты аударасың деді. Әрине қуана келістім. Қазір басқа мультфильмді аударып жатырмыз. Алғашқы рөлім қиын болды. Себебі қазақша сөздерді айта алмай қиналдым. Бірақ маған дубляж өте ұнайды.

Дубляж студиясына бүгінгі таңда елу шақты бала барады. Шетелдің танымал мультфильмдерін олар өздері аударып, өздері дыбыстайды. Үйірме жетекшісі алғашқы еңбектерінің жоғары бағаланғанын айтады. Жетілдірер тұстары да жоқ емес екен. Бірінші кезекте балалар тілді жетік білуі тиіс, әртістік қабілеттері де жоғары болуы шарт.

Еркін Құсан, ұлттық колорит үйірмесінің жетекшісі:

- «Бэймакс» мультфильмі негізінде 6 сериядан тұрады. Біз бірінші сериясын аудардық. Қалған сериялары аударуға сәйкес келмейді. Өйткені батыстың көп менталитетін насихаттайды екен. Сондықтан ол дүниені аударуға біз кіріскен жоқпыз. Қазіргі таңда толық метражды «Сәттілік» мультфильмін аударып жатырмыз.

Қазақстанда алғаш болып ашылған балалар дубляж студиясы жуырда арнайы грантқа ие болды. Ұтып алған  қаржыға заманауи дыбыс жазатын құралдар алынып, жаңа студия жабдықталған. Сәуір айында Екібастұз қаласындағы кинотеатрлардың бірінде қазақ тіліне аударылған «Сәттілік» толықметражды мультфильмі көрсетіледі. Жерлестерінің өнерін мыңға жуық адам тегін тамашайды.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков