Павлодар облысында 130 мыңнан астам адам МӘМС-ке тіркелмеген

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне бірқатар жаңашылдық енгізілді.

Осыдан үш жыл бұрын ақылы болып келген  компьютерлік томограф пен МРТ қызметі науқастарға тегін жасалады. Бұған қоса жүкті әйелдер мен нәрестелердің денсаулығын тексеруге қосымша лот бөлінген. Жыл сайын жүргізілетін скринингтік тексерулер  18 бен 70 жас аралығындағы ауыл тұрғындарын да қамтиды. Алайда Павлодар облысында 130 мыңнан астам адам әлі күнге дейін сақтандыру жүйесіне тіркелмеген. Оларға жедел медициналық көмек тегін болғанымен ары қарай оңалту мен диагностикалық зерттеулер ақылы болады. Бүгінде қор қаржысы ұлғайып,  көрсетілетін қызмет ауқымы кеңейген.

Нұрлан Қасымов, "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры АҚ" ПОФ директоры:

- Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінен шет қалған 131 мың адамның 86 мың 829-ы бір жылда ешқандай төлем жасамаған. Бұл олардың бір рет те дәрігердің қарауында болмағанын көрсетеді. Өкінішке орай, бізде бұл сан азаймай тұр. Тұрғындар тарапынан қызығушылық жоқ.