Түркістан өңірінде жанармайды заңсыз тасымалдау бойынша бірнеше дерек тіркелді

«Қазақтың жанармайын шетелдіктер әкетіп жатыр. Мұның салдарын жергілікті жұрт көріп отыр». Түркістан өңірінің тұрғындары осылай деп дабыл қақты. Жүргізушілер «бензин, дизель тапшы» дейді. Тіпті біздің сұйық отынды көршілеріміз канистрмен тасып жатқандарын айтады. Жанармайды заңсыз тасымалдау бойынша бір ғана «Атамекен» өткізу пунктінде 1 айда бірнеше дерек тіркелген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді рет-ретімен. Бұл – Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы «Атамекен» өткізу бекеті. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы шекарада орналасқан. Жанармайды заңсыз тасу бойынша бекетте соңғы бір айда 15 дерек анықталған. Сонымен шекара маңында жүріп, тұрғындарды сөзге тарттық. Ақсақалдың айтуынша, Өзбекстаннан жүргізушілер бізге қиыршық тас әкеледі. Сөйтіп, қайтарында бактарын жанармайға толтырып алады.

Кеңес Жаппаров  Атакент кентінің тұрғыны:

- Бактері 1 тоннадан әрқайсының, екі жағында 2 багы болады. Екіншіден, жеңіл көлікпен кіріп, одан кейін Хюндайлар бак қойып алған барлығы. Бензин, солярканы тасып жатыр.

Мына жүк көлігін қараңыз. Зауыттан шыққан багы мұндай болмайды. Ал бұл жерде бакты кеңейтіп алғанын көруге болады. Дөңгелекпен арада иненің көзіндей ғана саңылау қалған. Мұндай жағдай аз емес.

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

- Мына жүк көлігінің багы – 450 литр. Жаңа жүргізушімен сөйлескенбіз. Ол бактың сыйымдылығын 1100 тоннаға дейін кеңейткенін айтады.

Жалпы, қазақстандықтар үшін дизельдің литрі 230 теңгеден сатылады. Ал шетелдіктерге 450 теңгеден берілуге тиіс. Бірақ көрші елдің мына азаматы жанармайды қазақстандық бағамен алғанын айтып қалды.

Сирожиддин Саидов,  жүргізуші (Өзбекстан азаматы):

- Бұл жердің соляркасы сапалы. Көлікке құямыз, бірқалыпты жүреді. Бұл жерден құйсақ, көліктің қозғалтқышы 5 жыл шыдаса, Өзбекстаннан құйсақ, 3 жыл шыдайды.

Қазір жылына шамамен 17 млн тонна шикі мұнай өнделеді. Соңғы 5 жылда елде бензин шығару көлемі 70%-ке, яғни 3 млн тоннадан 5 млн тоннаға дейін ұлғайды. Ал дизель отыны 4 млн-нан 5,2 млн тоннаға дейін көбейді. Бірақ бүгінде бірқатар өңірде дизель тапшы. Мұны Болат Ақшолақов та мойындады. Оның айтуынша, 350 мың тонна көлеміндегі тапшылықты қымбат бағадағы импорттық отынмен жабуға тура келді. Ал енді мұндай тапшылықтың бірі осы контрабанда болса қайтпек керек? Жүк көліктеріндегі қосымша бакты не істейміз?

Ерлан Дәуренов, Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі:

- Қазіргі таңда мынау толтырылған протокол бойынша Өзбекстан елінің азаматтары. Өйткені ол кісілерде көліктерінің құжаттарында қосымша бак көрсетіледі екен. Бірақ қандай көлемде көрсетілмейді, тек қосымша баг деп көрсетіледі. Ол әртүрлі мөлшерде болуы мүмкін ғой. Соны енді қалай шешу керек екенін екі тарап анықтау керек. Ол Өзбекстан жақта заңды, біздің жақта – заңсыз.

Қосымша бак өз алдына жанармай құю бекеттерін аралап жүріп, жүк көліктерінің астына конистр салып алғандарды да көзіміз шалды. Ал сатушылар шетелдіктерге 300 литрге дейін ғана береміз деген еді. Бірақ аппараттан өзбек жүргізушілерінің сұйық отынды бір тоннадан артық алғандарын көрдік, Міне, дәлел. Осыны түсіріп жүргенде келеңсіз жайтқа тап болдық. Жанармай құю бекетінің маңында біздің операторға шабуыл жасалды.

«Заңсыздықтың салдарын біздің жұрт көріп отыр». Жүргізушілер осылай дейді. Олар қазақтың жанармайы арзан бағада шетелге кетіп жатқанын, содан өзімізде тапшылық пайда болғанын алға тартты.

- Тапшылық сезіліп жатыр, иә. Өйткені әр жанармай бекетіне барған сайын пәленбай кезек тұрады. Мына жақта біздің шекараның бойымен фуралар адамдарға жаман кедергі жасайды. Шымкент қаласына жолға шыққанда қараймыз, әр жанармай бекетінде кезек.

Роман Жаңабаев, жүргізуші:

- Шымкент қаласында дизель жоқ. Бар, бірақ уақытысымен береді. Бергенде де 300 литр деп айтқан еді, кәне, 300 литрі?! Жүз-ақ литр береді, болса егер ол. Бірақ шетел мемлекеттерге жанармай бекеттері 280-300 теңгеден беріп жатыр. Егер қазір мен Қазақстанның номерін алып тастап, Өзбекстанның немесе басқа мемлекеттің номерін қояйыншы, 300 теңгеден алып кетем мен, беймарал алып кетем.

Болат Ақшолақов елдегі дизельдің тапшылығына себеп баға деді. Бізде сұйық отын көрші елдермен салыстырғанда айтарлықтай арзан. Жалпы, Қазақстан әлемдегі жанармайы арзан 10 елдің қатарында. Қырғызстандағы баға 64%-ке жоғары.

Яғни, литрі – 390 теңге. Өзбекстанда екі есеге қымбат. 500 теңгеге жуықтайды. Мысалы, өзбек жүргізушілері дизельдің литрін бізден 300 теңгеден әкетсе, өздерінде қымбатқа сата алады. Бағадағы айырмашылық – 101%. Түрлі жолдармен қазақстандық дизельді шетелге сатудан түсетін пайда 50-ден 120%-ке дейін жетеді. Ал жалпы, жылдық пайда шамамен 140 млн долларға жуықтайды. Нақтырақ айтсақ, бір жүк көлігі 1 тоннадан 4 тоннаға дейін жанармай құя алады. Егер бір фура Қазақстанда жанармай құйып, оны Өзбекстанға апарса, 1 тоннадан 700 доллар көруге болады. Қырғызстанда бір тоннадан – 250 доллар таба алады.  

Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Рауан Мыңбаев, Асхат Қарақойшиев, Нұрмахан Бекмұратов.