Елімізде жәрдемақы 14,5%-ке артады

Елімізде мүгедек жандар, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеушілер мен асыраушысынан айырылғандарға күтім жасаушылардың жәрдемақысын тағы 14,5%-ке арттыру үшін бюджеттен қосымша 43 млрд теңге қарастырылып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Үкімет отырысында Мемлекет басшысы қойған міндеттерді орындау аясында атқарылатын жұмыстарды баяндады. 1 шілдеден бастап мүгедектігі бар адамдарды жоғары сапалы катетермен қамту үшін 328 млн теңге бөлінеді. Сондай-ақ мемлекет есебінен гигиеналық құралдармен қамту екі есеге артады. Биыл ақыл-ойы бұзылған мың бала шипажайларға емдеуге жіберіледі.

Тамара Дүйсенова зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлерді әлеуметтік қорғау күшейетінін айтты. Тиісті шешімдер алдағы уақытта Үкіметтің қарауына жіберіледі.