Бас прокуратура кәсіпкерлікке жүргізілген тексерістің заңдылығын қадағалады

Бас прокуратура қадағалаушы органдардың бизнес субъектілерге барып жасалатын профилактикалық бақылау жүргізу тізімін қалыптастыру заңдылығына талдау жасады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Яғни, тексерістердің заңды не заңды еместігін қадағалаған. Мемлекеттік органдар биыл алғашқы жартыжылдықта бизнес иелерін тексеру бойынша тиісті тізімін бекітіп қойған. Алайда оның көпшілігі кәсіпкерлік кодексінде қабылданған түзетулерге қайшы келеді, - дейді құзырлы орган өкілдері. Яғни, субъектіге бармай-ақ профилактикалық бақылау түрінде алдын ала талдау жүргізбесе, енді оған барып тексеріс жүргізуге тыйым салынады. Осы ретте прокуратура тиісті қадағалаушы органдарға өз қарсылығын білдіріп, бірқатар бұйрықтың күшін жойғызған.

Аслан Нұрғалиев, ҚР Бас прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің аға прокуроры:

- Мысалы, біздің наразылықтар бойынша Денсаулық сақтау министрлігі денсаулық сақтау саласындағы 5 мыңнан астам субъектіге барумен профилактикалық бақылау жүргізу туралы 3 бұйрықтың күшін жойды. Ағымдағы жылғы 1-жартыжылдықта денсаулық сақтау органдары 2 мыңға жуық кәсіпкерге қатысты осы жоспарлы іс-шараларды жүргізбейтін болады. Мұндай фактілердің жолын кесу бойынша жұмыстар жалғасып жатыр.