Қостанай облысының Қарамырза ауылында 12 үйді су басты

Бүгін түс ауа Түнтүгір өзені арнасынан асып, Қостанай облысындағы Қарамырза ауылында 12 үйді су басты.

Одан бөлек қырық шақты үйдің ауласына су кірген. Құтқару жұмыстары барысында 15 адам, оның ішінде сегіз бала эвакуацияланды. Олардың барлығы өз қалаулары бойынша туыстарының үйлеріне орналастырылған. Ірілі-ұсақты малдардың барлығы қауіпсіз жерге шығарылды. Ауылдық әкімдікте шұғыл штаб құрылып, жедел желі іске қосылды. Бұған дейін осы өзен бойында орналасқан Железнодорожный ауылына да тасқын су жеткен еді. Ол елді мекенде, 2 пәтерлі алты үйге су кірді. Мұнда да апат зардабын жою жұмыстары жалғасып жатыр. Өзеннің тасуына, ауа-райының күрт жылынуы себеп болған. Мамандардың айтуынша, әрі кетсе 2 күнде, су денгейі төмен түсіп, тасқынның беті қайтады.