«Kazakhmys Smelting» ЖШС 4,5 млн теңге айыппұл салынды

«Kazakhmys Smelting» серіктестігіне қарасты Балқаш мыс балқыту зауытына экоталаптардың өрескел бұзылуына байланысты 4,5 миллион теңге айыппұл салынды.

Былтыр жүргізілген тексерулер қорытындысы бойынша өндіріс орнының шихта дайындау, мыс балқыту цехтары мен пештерде және өзге де нысандарда техникалық жабдықтар әбден ескіргені анықталған. Соның салдарынан зауыт корпустарынан шаң-тозаң мен газ, күкірт диоксиді ауаға шамадан көп таралып, қоршаған ортаға айтарлықтай әсер етіпті. Мысалы өткен жылы зауыттан ауаға тараған өндірістік қалдық 57 мың тоннадан асқан. Ол үшін компания 2,4 миллиард теңге эмиссия төлеген еді. Енді тексеріс бойынша анықталған кемшіліктерді жоюы керек.

Қарағанды Облысы, Дархан Исжанов облыстық Экология департаменті басшысы м.а:

- Анықталған олқылықтар бойынша үш әкімшілік хаттама толтырылды. Барлығын қосқанда 4,5 миллион теңге айыппұл салынған. Енді компания өндіріс нысандарындағы кемшіліктерді 2023 жылдың соңына дейін жоюы тиіс. Жалпы 2025 жылға дейін күкірт диоксиді мен өзге де өндірістік қалдықтарды азайту үшін зауыттағы жаңғырту жұмыстарына 7 миллиард теңгеден астам қаражат қарастырып отыр.