Қостанай облысындағы сүт өндірушілер бағаны негізсіз өсірді деген күдік бар

Қостанай облысындағы өнім өндірушілер сүт пен жұмыртқаның бағасын негізсіз көтерді деген күдікке ілікті.

Осыған байланысты бәсекелестікті дамыту және қорғау департаменті іс қозғаған. Құзырлы орган қызметкерлерінің айтуынша сүт өндірушілер жалған делдалдық фирмалар ашқан. Солар арқылы өнім бағасына 11 процент үстеме ақы қосып, дүкендерге өткізген. Ортадағы делдалдар  кәсіпорынның қазіргі және бұрынғы қызметкерлері екен. Осылайша олардың қосымша табыс табу әрекеті сүт бағасының қымбаттауына әкеп соқты.  Сондай-ақ өңірдегі ірі құс фабрикасының жұмыртқа бағасын негізсіз өсіргендігі анықталған. Алайда, кәсіпорын өкілдері  бұл айыппен келіспейді. Олар  өндіріс орынында тексеріс жүргізуге негіз жоқ деп сотқа шағым түсірген.

Дастан Самен, Бәсекелестікті дамыту және қорғау департаментінің басшысы:

- 2023 Бүгінгі күні "Жас қанат" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі департаменттің тергеу жүргізу туралы шешіміне наразылық білдіріп, біздің жоғары басшылыққа шағым түсірді. Одан кейін соттың бірінші сатысына арызданды.  Қазір бұл іс әлі қаралып жатыр.  Осыған байланысты тергеу шаралары әзірге кідіріп тұр.