Семейде қатерлі ісікті емдеудің жаңа әдісі қолданылады

Семейдегі ядролық медицина орталығының дәрігерлері бұдан былай сүт безінің қатерлі ісігіне өздері операция жасайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Президент Іс Басқармасының ядролық медицина орталығының мамандары жергілікті онкологтарға шеберлік сағатын өткізді. Олар 2 күнде алты науқасқа операция жасауды жоспарлап отыр. Елордадан арнайы келген ақхалаттылардың айтуынша, науқасқа ең әуелі, радиоизотопты картирлеу процедурасы қолданылады. Эмиссиялық компьютерлік томография көмегімен операцияны жасау қиын емес. Ең бастысы, науқастың денсаулығына зиян келмейді.

Назар Сейдалин, ҚР Президенті Іс Басқармасы Медицина орталығының бас онкологы:

- Бұған дейін осы әдіспен талай науқасқа операция жасадық. Жыл басталғалы бері 40-тан астам адамға жәрдем көрсеттік. Барлығы сәтті өтті. Бізді қуантатыны, пациент жарақат алмайды. Операциядан кейін асқыну болмайды.

Татьяна Белихина, Абай облыстық ядролық медицина және онкология орталығының директоры:

- Бұл әдіс лимфа түйіндерін зерттеу деп аталады. Мұндай операция бұған дейін тек Астанада жасалатын. Енді, міне, біздің мамандар да осы операцияны жүргізуге мүмкіндік алып отыр. Бұл Абай облысы үшін аса маңызды. Өйткені сүт безінің қатерлі ісігі бойынша республикада алдыңғы орында тұрмыз. Жылына 350 әйел осы дертке шалдығады.