Қызылорда облысындағы оқушылардың төбелесі қоғамдық резонанс туғызды

Қызылорда облысында әлеуметтік желіде тарап кеткен жасөспірімдер жан-жалының видеосы қоғамдық резонанс туғызды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазалы ауданындағы №266 және №70 мектеп-лицейі оқушыларының арасында жанжал туындап, арты төбелеске ұласты. Салдарынан 9-сынып оқушысы ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер қазір оның жағдайы қалыпты деп отыр. Полиция оқиғаға қатысы бар деген №266 мектеп лицейінің 5 жоғарғы сынып оқушысын, уақытша қамауға алып, қылмыстық іс қозғады. 2 мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қызметінен босатылды. 10 полиция қызметкері тәртіптік жазаға тартылды.

Сондай-ақ топтық төбелестің алдын алу шарасын жүйелі ұйымдастырмағаны үшін Қазалы аудандық полиция бөлімінің бастығын да қызметтен шеттету жөнінде сала министрлігіне ұсыныс берілді.

Шамшидин Амитов, облыстық ПД бастығының орынбасары:

- Білім басқармасы немес құқық қорғау органдары ғана толығымен жояды немесе күрделі тамырына балта шабады деген ойдан аулақ болғанымыз дұрыс. Біз қоғаммен, ата-ана рөлін айтып отырмыз. Ол жерде ИДН инспектор төртеу-ақ, бүкіл аумақты қамтып жабу мүмкіндігі шектеулі. Дегенмен профилактикалық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мойындаймыз, кемшілік бар, сол кемшіліктермен жұмыс жасайтын боламыз.

Мейрамбек Шермағамбетов, облыстық Білім басқармасының басшысы:

-  Тек Қазалы ауданында емес, барлық облыстағы білім беру ұйымдарында тәрбие жұмыстарын күшейту, тәртіп мәселесіне көңіл бөлу, ата-аналар комитетінің, аналар мектебі, әкелер мектебі секілді балалармен тығыз жұмыс жасайтын қоғамдық ұйымдардың жұмысын күшейту жөнінде тиісті тапсырмалар берілді.