Солтүстікте қоқыс полигоны жетіспейді

Солтүстік Қазақстан облысында «жабайы қоқыс алаңдары» азаймай тұр.

Өңірде ресми түрде заңдастырылған полигондар жетіспейді. Сондықтан тұрғындар қоқыс – қалдықтарды, рұқсат етілмеген жерлерге төгуге мәжбүр. Бұл туралы экологтар не дейді?

Бұл Петропавлдың іргестіндегі Прибрежное ауылы. Елді мекен шетінде тұрмыстық қалдықтар осылай үйіліп жатыр. Басқа емес, тұрғындардың өзі төгіп кеткен.

«Көбі таяқ тастам жердегі рұқсат етілген орынға баруға ерінеді», - дейді әкім. 

Прибрежное ауылдық округінің әкімі:

- Елу метр жерде біз құжатын бәрін даярлап 4 гектер жер бөлінген қоқысқа. Ол жерде заңды түрде қоддануға болады. Қоқысты сол жерге шығаруға. Халыққа түсіндіреміз. Бірақ түсінбейді. Мына жерге әкеліп төгеді де кетеді.

Былтыр Солтүстік Қазақстан облысында осындай рұқсат етілмеген 200-ден аса қоқыс алаңы анықталды. Олар жыл сайын жиналса да уақыт өтпей тағы да пайда болады. 

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

 -Рұқсат етілмеген ең ірі қоқыс алаңдарының бірі Петропавлдан небәрі 25 шақырым жерде Бәйтерек ауылының маңында орналасқан. Міне өздеріңіз көріп тұрғандай, түтіндеп бықсып жатыр. Бұл жерге аудан орталығының, тіпті қаланың тұрғындары келіп қалдықтарын төгіп кетеді. Енді заңсыз полигонды соттың шешімі бойынша жергілікті билік өкілдері шілденің біріне дейін жоюы тиіс.

Қазір «тау - тау» болған қалдықтарды бір техника үйіп жүр. Ал тұрғындар жүк тиегіштерімен келіп төгіп жатыр, төгіп жатыр. Оларды да түсінуге болады.

Бескөл ауылының тұрғыны:

- Бұдан басқа төгетін жер жоқ. Қайтеміз енді?! Сондықтан осында келеміз.

Осындай рұқсат етілмеген қоқыс алаңдары аэроғарыштық түсірілім арқылы анықталады. Өңірде заңдастырылған полигондар саны «саусақпен санарлық». Сондықтан олар қолдан көбейе береді.  

Экология департаментінің бас маманы:

- Біріншіден, Солтүстік Қазақстан облысында заңдастырылған полигондар өте аз. 11 ғана орын бар. Сонымен қатар арнайы жер аумағы белгіленгендері бар. Ал басым бөлігі рұқсатсыз. Менің ойымша, қоқыс төгетін заңды алаңдар әр ауылда болуы керек.

«Жабайы» қоқыс алаңдары қоршаған ортаға орыны толмас зиян келтіреді. Экологтардың айтуынша, тұрмыстық қалдықтардан ауаны айтпағанда топырақ та тозады.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков