26 сәуірде «Саламатты Қазақстан» пойызы жолға шығады

Алматы-2 стансасынан басталатын игі сапар 6 желтоқсанға дейін жалғасады. Бірнеше жылдан бері өзінің тиімділігін дәлелдеген жобаны халық асыға күтеді. Себебі аудандық және облыстық ауруханалардан алыс жатқан елді мекен тұрғындары үшін денсаулығын тексертудің жалғыз жолы – осы. Бастамаға Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, Денсаулық сақтау министрлігі мен «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясы қолдау жасаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Саламатты Қазақстан» пойызы биыл 120-дан астам шалғай стансаны қамтымақ. Тұрғындарға терапевт, педиатр, кардиолог, невропатолог, көз дәрігері, стоматолог сынды медицина мамандары диагностикалық-консультативтік қызмет көрсетеді. Бұл үшін пойызда жапон және неміс жабдықтары қойылған.

Альфия Адиева, «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры:

- Биыл сәл ғана өзгешелігімен тағы да қуантқымыз келеді. Биыл ҚР Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық демография жөніндегі комиссияның ұсынысымен психолог және білікті заңгер мамандардың көмегі берілетін болады.

Шалғай елді мекен тұрғындарын сапалы медициналық көмекпен қамту өзекті. Кей жерде фельдшер де жетіспейтіні белгілі. Салдарынан ауруын асқындырып жатқандар көбеюі мүмкін. Ал «Саламатты Қазақстан» пойызын қаржыландыруға «Samruk-Kazyna Trust» қоры биыл 590 млн теңге бөлді.

Алдаберген Кемпірбаев, «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас менеджері:

- Біз, Samruk-Kazyna Trust, әлеуметтік жобаларды дамыту қоры пойыздың толық қызметін қамтамасыз етеміз. Ол өйткені дизель отыны бар. Ол пойыздарды бекерден бекер бере салмайды. ҚТЖ бөледі, оның қозғалыс кестесі бар.

Медициналық пойыз 6 желтоқсанға дейін 18 мыңға жуық шақырымды жүріп өтеді. 8 вагонда 35 дәрігер жұмыс істейді. Олар қажет болған жағдайда шағын операция жасап, науқастарды жоспарлы емдеуге жіберіп отырады.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Диас Қобланбаев.