Алматыда Түркі әлемі Ұлттық ғылым академиялары одағы президиумының отырысы өтті

Алматыда Түркі әлемі Ұлттық ғылым академиялары одағы президиумының 6-шы отырысы өтті. Жиында түркі елдерінің ғылыми ынтымақтастығының өзекті мәселелері, заманауи технологиялар мен жасыл энергетиканы дамыту, сондай-ақ басқа да  салалардағы бірлескен ғылыми-зерттеу бағдарламалары мен жобаларын іске асыру мүмкіндіктері талқыланды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

- «Әйнек зертханалар» деген бір нақты жақсы ұғым бар. Бұл халықаралық пратикада кездеседі. Яғни, кез келген түркітілдес мемлекетте мықты бір зертхана, мықты ғылыми ошағы болған жағдайда басқа елдердің бауырлас елдердің ғалымдары барып сол жақтан тағылымдардан өтіп, сол ғылыми зертхананың тәжірибесін басқа елдерге әкелуге мүмкіндіктер беріледі.

Бұл бастама тек халықаралық қатынастар және экономикамен шектелмей болашақта түркітілдес елдердің инновация және заманауи технология  салаларында да ынтымақтастықты арттыруға жол ашады. Сондай-ақ делегаттар түркі халықтарының ортақ тарихын, тілін, әдебиеті мен мәдениетін зерттеу саласындағы өзара іс-қимылды одан әрі тереңдету туралы да пікір алмасты.

Шахин Мустафаев, Халықаралық түркі академиясының президенті:

- Бүгінгі басқосу өте маңызды деп айтар едім. Өйткені түркі елдерінің алдында бүгінде әртүрлі салаларда, соның ішінде экология мен суды тиімді пайдалану саласында да күрделі міндеттер тұр. Сондықтан жасыл энергетиканы дамытып, су ресурстарын ұтымды пайдалану жөнінде бірлескен ғылыми-зерттеу бағдарламалары мен жобаларды іске асыру мүмкіндіктері және перспективаларын талқыладық.

Түркі әлемі Ұлттық ғылым академиялары одағының іс басындағы төрағалығын Қырғыз Республикасынан Татарстан Ұлттық Ғылым Академиясы қабылдап алды. Осылайша одақ президиумының келесі отырысы Қазан қаласында өтетін болды.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Эдуард Кон.