Елордада машина жасау саласын дамытуға арналған форум өтті

Елордада машина жасау саласын дамытуға арналған форум ұйымдастырылып, «Мұнай-газ машина жасау саласын дамытуға арналған халықаралық орталықтың» атқарылған жұмыстардың қорытындысы таныстырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шараға шетелдік және отандық мұнай-газ машина жасау кәсіпорындарының қауымдастықтары мен даму институттары, мұнай-газ компанияларының 200-ден астам өкілі қатысты.

«Мұнай-газ машина жасау саласын дамытуға арналған халықаралық орталық» қазақстандық кәсіпорындардың жұмысын дамытуға күш салып жатыр. Операторлардан бірнеше тауарлық топ алынып талдау жасалды. Оған клапандар, өлшеуіш құралдары, электротехникалық жабдықтар кіріп отыр.

Марат Кәрімов, Халықаралық машина жасау орталығының бас директоры:

- Осы тауарларды шығаратын Қазақстанның түкпір-түкпірінде орналасқан 120-ның үстіндегі кәсіпорындарды аралап шықтық. Соның ішінде әлеуеті жоғары 6 кәсіпорынға жеке даму жоспарларын бітірдік. Дәл осындай жұмыс басқа тауар топтары бойынша да жалғасатын болады. 3 тауар тобы бойынша 2022 жылы 3 оператор 30-дың үстінде Қазақстандық кәсіпорынға 100 млн АҚШ долларының үстінде тапсырыс берді. 

Орталық 7 тауарлық топ бойынша 90 мыңға жуық тауар позициясын өңдеген. Жоғары сұранысқа ие болатын 37 тауар түрі анықталды.

Оливье Лазар, НКОК басқарушы директоры:

- Қазақстандық өндіріс орындары біздегі сұраныстар мен оның көлемі туралы ақпараттандырылған. Оларға «Мұнай-газ машина жасау саласын дамытуға арналған халықаралық орталық» кәсіби түрде бағыт-бағдар беріп келеді. Бүгінгі форумда біз істелген жұмысты қорытындылап, алдағы жоспарды нақтылап алдық.

Елдегі машина жасау кәсіпорындарында халықаралық сертификаттардың аздығы түрлі сатып алуларға қатысуға кедергі келтіреді. Бұл мәселені шешу үшін Орталық өндірушілердің шығындарды өтеу жөнінде ұсыныс білдірген. Бастама Үкімет тарапынан қолдау тауып, бағдарламаның бюджеті айтарлықтай ұлғайтылды. Кейінгі 8 жылда орта есеппен 110 млн теңгеге дейін шығындар өтелсе, 2023 жылы бұл құралдың бюджеті 1,8 млрд теңгеге жеткен.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Ырыстанбек Оспанов.