Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандардың жалақысы субсидияланады

Мүгедектігі бар адамдардың жалақысы 3 жыл бойы субсидияланады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев мәлімдеді.

Ең алдымен, жұмыс берушілер мүгедек жандарға арнайы квота белгілеуі қажет. Осы бағытта былтыр мүмкіндігі шектеулі 12 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Биылдан бастап жұмыс берушінің 1 млн теңгеге дейінгі шығындары өтеледі. Әрі мүмкіндігі шектеулі жандардың кәсіпкерлікпен айналысуына да жағдай жасалады. 

Олжас Ордабаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі:

- Бүгінгі күні Ұлттық жобамен 13 мыңнан астам мүгедектігі бар адам қамтылды. Жұмыс берушінің тапсырысы бойынша қысқа мерзімді курстар, оған қоса бізде онлайн курстар да бар. Биыл гранттар беру тетігі қайта қаралды. Халықтың осал топтарына, соның ішінде ерекше қажеттіліктері бар адамдарға және мүгедектігі бар балалары бар ата-аналарға артықшылық беріледі.