БҚО-да киіктер жайылымды таптап, шабындықты отап жатыр

Жылдағы көрініс – осы. Ал шаруалар ақбөкендерді қуып сарсаңға түсіп жүр.

Ауылдағы ағайын қысқы мал азығын дайындай алмай қаламыз ба деп қорқады. Ашатұяқтылардың көбейгеніне ғалымдар да алаңдаулы. Оларға салсаң, киік санын 500 мыңнан асырмау керек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көп ұзамай киіктердің төлдеу маусымы басталады. Ақбөкендердің басым бөлігі қазір Қазталов ауданына қарай ауып барады. Шаруалардың уәжін тыңдау үшін іссапармен Қараоба ауылына барған едік. Құзырлы құрылымдардың басшылары мен ауылдық ағайынның келелі жиынына дөп түстік. Фермерлер өз иелігіндегі жер телімдері киіктерді қорғауға арналған «Ащыөзек» қаумалына қосылғанынан бейхабар екенін айтып, аң-таң болып отыр.

Талғат Шадияр, шаруа қожалығының басшысы:

- Қаумалға жерім кіргенін ескерткен жоқ. Біздер бүгін естіп отырмыз. Сол қаумалдың ішінде 800 га жерім бар. Қазір 100 бас ірі қара ұстап отырмын. Былай қарағанда шабындық, сол жерден малға қысқы азық дайындаймыз. Бірақ енді мына жағдайда білмеймін. Отап жатыр.

Айдын Сүндетов, шаруа қожалығының басшысы:

- Осы 3 округтің ортасында қазір киік жатыр. Миллионның үстінде, 2 миллиондай киік жатқан болар. Биыл қуаңшылық болатын болса, халыққа өте қиын болады. Ол – бір. Екіншіден, киік – ауру таратушы. Ол малға жұғады.

Аталған табиғи қаумал «Бөкейорда» резерватына тиесілі. Қараоба ауылдық округінің өзінен мұнда 29 шаруа қожалығының иелігіндегі 60 мың га жер кіреді екен.

Бисебай Төлепов, «Бөкейорда» табиғи резерватының басқарма басшысы:

- 2012 жылы бұл жерлер Үкімет Қаулысымен резерватқа берілген. Бірақ 10 жылдан кейін құрылып отыр ғой резерват. Шаруа қожалықтарына әуелде берілген кезде ескертілген. Ол резерваттың территориясы екені туралы.

Дәл қазір аймақта ақбөкендердің саны 1 млн шамасында. Ал төлдеу маусымынан кейін олар екі есе көбеюі мүмкін. Өз кезегінде шаруаларға да келер шығын көлемі артпақ. Жергілікті ғалымдар киіктерді өндіріске пайдаланып, санын едәуір шектеуді ұсынды.

Қазыбай Бозымов, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы:

- Ертеде 350-400, әрі кетсе 450 мың бас киік біздің Жайықта жүреді де, жүруге болады да. Одан қорқыныш жоқ. Кейбір ауру болғанда қасқырлар бар, басқасы бар, сол жағдайға байланысты олар өліп кетеді, жоқ боп кетеді деген ешқандай күмән болмауы керек. Сондықтан біздің территориямызда Орал популяциясы 350-450 мың болса, ол ешкімге де кедергі көрсетпейді.

15 сәуірден бастап өңірде киік санағы басталды. Мамандар тікұшақ арқылы ашатұяқтылардың мекенін әуеден бақылайды. Тиісті жұмыстар 10 шақты күнге созылуы мүмкін.

Нұрлан Рахымжанов, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы:

- Қазақстан биоалуан түрлілікті сақтау жөніндегі қауымдастығынан 4 адам қатысып жатыр. Олар – эксперттер, ғылыми сотрудниктер. Өзіміздің инспекциямыздан 2 адам. Резерваттан 2 адам және «Охотзоопром» Алматыдан 4 адам қатысып жатыр. 60 сағатқа тікұшақ берілді. Ол жарайды деп есептеп тұрмыз.

Мамыр айында аймақта халықаралық сарапшылардың қатысуымен жиын өткізіліп, ақбөкендердің ендігі тағдыры талқыланады. Шақшадай басы шарадай болған шаруалар киік мәселесіне тезірек нүкте қоюды сұрап отыр.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов.