Астананың коммуналдық қызмет мамандары тәулік бойы үздіксіз жұмыс істейді

Қала көшелерін ақ ұлпа басып қалды. Табиғаттың тосын мінезінен коммуналдық қызмет күшейтілген режимде жұмыс істеуге көшті.

Нәтижесінде шаһардың басты көшелері тазартылды. Десе де үйдің аулалары мен көше бойында жатқан қар әлі көп. Сол үшін мамандар тәулік бойы үздіксіз жұмыс істейді, деп хабарлайды «Хабар 24»

Елордада соңғы 3 күннің ішінде жауған қар бір айлық нормадан асып түсті. Нәтижесінде қалада қозғалыс қиындап, күн райы тұрғындарды біраз әуре-сарсаңға салды. Адам түгілі көліктердің жүріп тұруы оңай болмады. Мамандар күшейтілген режимге көшіп, 3 тәуліктің ішінде 5,5 мың жүк көлігіне тең қар шығарылды. Қазірде екі ауысымда тәулік бойы жұмыс істеп жатыр.

Бағжан Сабденов, «Сарыарқа» ауданы әкімдігі бөлімінің бас маманы:

- Қала бойынша бір ауысымда 2500-ге жуық жұмысшы және мыңнан аса арнайы техника жұмылдырылған. Оның ішінде Сарыарқа ауданы бойынша 514 жұмысшы және 264 арнайы техника жұмыс істеп жатыр. Қазір коммуналдық қызметтер барынша шығарып тастау үшін, тазалап тастау үшін 2 ауысымда және де күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.

Коммуналдық қызмет алдымен, үлкен көшелерді, әлеуметтік нысандарды, жаяу жүргіншілер жолын және аялдамаларды тазалады. Бұл кептелістің алдын алып, еркін қозғалысқа жағдай жасайды. Ең бастысы, жұрт көлікті жол жиегі мен рұқсат етілмеген орындарда қалдырмағаны абзал.

Ерлан Рысбеков, «Астана Тазалық» ЖШС директорының орынбасары:

- Қазіргі таңда бүкіл коммуналдық мекемелер ЧС режиміне түсті, күні бойы жұмыс істеп жатыр. 2 күннің ішінде 1700 техника қар шығарды. Бұл қарды біз негізгі магистраль бойынша 3 күннің ішінде кетіреміз. Жалпы, қарды бір аптаның ішінде шығаруға міндетті боламыз.

Жалпы, Астанада осы қыста 4 млн текше метр қар шығарылған. Синоптиктердің болжауынша, құбылмалы ауа райы алдағы уақытта да сақталады.

Авторлары: Бекзат Аманов, Дәурен Жорқабаев.