Жаңаөзендегі газ жарылысына қатысты жаңа дерек пайда болды

Өткен аптада 2 қабатты осы үйдің жанында су құбыры жарылып, жөндеу жүргізілген екен.

Тұрғындар сол кезде іргедегі газ желісіне зақым келуі мүмкін дейді. Тіптен олар көгілдір отынның иісі сезілгенін айтып шағымданған. Алайда жауаптылар бірнеше адамның өмірін қиған апаттың нақты себебі тиісті сараптамадан соң ғана белгілі болатынын айтады. 

Куәгерлердің айтуынша, жарылыс қиратқан 4 пәтерде шамамен 10 адам таңғы ұйқыда болған. Күшті дүмпу қос қабатты үйдің бір бөлігін тұтасымен жермен-жексен етті. Жақын маңдағы үйлердің терезелері шағылған.

Ұлболсын Тойметова, қала тұрғыны:

- 4-ке 10 мин қалған кезде тұрдым. Содан шай дайындап жатқанмын сәресіне, сөйтіп едім, гүрс ете қалды. Үйдің бәрі қозғалып кетті. Көрші әйел мына үйден 3 баланы алып шықты. Содан жер сілкінісі деп жүрмін ғой. Айналам шағылғаннан кейін балалардың шулаған дауысын естідім. 

Серікбай Қуанышбеков, қала тұрғыны:

- 4-тен 15 кеткенде болған уақыты деп тұр ғой. Мәйіттерді шығаруға көмектестім. Тек 12-ші пәтерде тұратын келіншек аман қалды. Ақтауға қонаққа барған.

Құтқарушылар үйінділердің астынан 4 тұрғынның жансыз денесін алып шықты. Тағы осыншама адам аман құтқарылды. Газ жарылған үйге облыс әкімі Нұрлан Ноғаев келіп, зардап шеккен адамдарға қажетті көмек берілетінін мәлімдеді. Көгілдір отын құбырының бұл үйге жердің астымен келіп тұрғаны, баспана ішіне қалай таралғанын анықтау үшін тиісті сараптама тағайындалғаны айтылды.

Нұрлан Ноғаев, Маңғыстау облысының әкімі:

- Ведоствоаралық комиссия құрылды. Бұл төтенше жағдайдың себептерін және оны жою салдарын анықтау бойынша айналысады. Зардап шеккендерге тұрғын үй, басқа да қолдау көрсетуді біз өз жауапкершілігімізге аламыз.

Осылайша, аймақ әкімі жарылыста жараланғандар мен қайтыс болған азаматтардың жақындарына материалдық көмек беруге уәде берді. Бір атап кетерлігі, баспанасыз қалған тұрғындарға жаңа пәтер беріледі.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев, Александр Убейкин.