Жаңаөзенде жарылыстан зардап шеккендерге уақытша баспана беріледі

Жаңаөзенде жарылыстан қираған үйге жақын орналасқан көпқабатты 15 тұрғын үй уақытша газ желісінен ажыратылды.

Қазір сарапшылар оқыс оқиғаның себеп-салдарын анықтап жатыр. Баспанасыз қалғандарға уақытша пәтер беріледі. Төтенше жағдайдан кейін жедел құрылған комиссия мүшелері тұрғындардың талап-тілегін тыңдады. Қажетінше көмек берілетінін айтты. Жергілікті мұнай компаниясы бір күндік еңбек ақысын үй тұрғындарына аударды. Зардап шеккен үш адамның жағдайы әлі ауыр.  51 жастағы ер адам кеше тікұшақпен Ақтауға жеткізілді. Облыстық аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Баспасөз қызметінің мәліметінше, денесінің 70%-ін күйік шалған. Қазір есін жиды. Тағы бір ер адам мен әйел, Жаңаөзендегі ауруханада жатыр. 23 жастағы келіншектің бел омыртқасы сынып, денесінің 30%-і күйген. Үйінді астынан құтқарылған тағы бір азаматқа операция жасалды. Олардан бөлек, травматология бөлімшесінде 3 адам жатыр. Дәрігерлер 9 және 15 жасар қыз бала мен 58 жастағы ер адамға, қажетті көмек көрсетіліп жатқанын айтады.

Жаңабай Аймағанбетов, Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары:

- Зардап шеккен тұрғындарды үймен қамтамасыз ету және басқа да әлеуметтік көмек беру жергілікті атқарушы органына жауапкершілігі деп бізге тапсырма берілді. Күні кеше олар өздерінің туысқандарының үйіне кетті. Егер де тұратын үйі болмаса, оларды уақытша баспанамен қамтамасыз етеміз. Сосын әрі қарай «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясы арқылы үй алып беру мәселесін де талқылайтын боламыз. Кешегі апат болған үйдің айналасына қоршау салынды. Қауіпсіздік үшін, адамдар жақындамас үшін.