ДДСҰ: Дәрі-дәрмек қолжетімді болуы тиіс

Халыққа дәрі-дәрмек пен қажетті медициналық заттар қолжетімді болуға тиіс.

Соған орай сатып алуды, бағаны реттеуді және оны жеткізу мен тарату жағын жан-жақты қарастырған жөн. Осы мәселе Алматыда өткен  Орталық Азия аймағындағы елдерді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тақырыбына  арналған халықаралық конференцияда талқыланды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өкілдерінің айтуынша, Қазақстанның бұл салада тәжірибесі бар. Сондықтан көршілес мемлекеттермен бөліскені абзал. Қазіргі уақытта біздің елде бірыңғай дистрибьютор жүйесі жұмыс істейді. Соған сәйкес, ірі фармацевтикалық компаниялармен дәрі-дәрмек жеткізуге қатысты келісім-шарттар жасалған.

Наташа Аззопарди-Мускат, ДДСҰ Еуропа бюросының директоры:

- Жалпы, Еуропа елдерінің өзінде дәрі-дәрмекке қатысты түйіткіл мәселелер кездесіп тұрады.  Тіпті дамыған, тұрғындарының табысы жақсы елдердің өзі бағаны тұрақтындыра алмай қалады. Сондықтан,  жаңа технологияға негізделген жергілікті кәсіпорындарға қолдау көрсету қажет. Қазақстан алғашқы  медициналық-санитарлық көмек көрсету деңгейін жақсарту бағытында тынбай еңбектеніп жатыр. Оған қоса, шеттен заңсыз әкелінетін медициналық препараттарға тосқауыл қойып жатқандығы тағы бар.

Тимур Сұлтанғазиев, ҚР Денсаулық сақтау министрінің  бірінші орынбасары:

- 120 сырқат нозологияның ішіне кіреді. Біздің Қазақстан бойынша 3,8 млн адам сол дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілген. Амбулаториялық поликлиникалық жүйе бойынша. Жиі кездесетін артериялық гипертензия, онкологиялық препараттар, қант диабеті.  Осы соңғы жылдары балаларға арналған орфандық немесе сирек кездесетін сырқаттар кезіндегі де осы міндетті мемлекеттік  сақтандыру жүйесі және тегін медициналық кепілдендірілген жүйе бойынша қамтамасыз етіліп жатыр.