Қыс басынан бері Астанадан 4 млн текше метр қар шығарылды

Қар көбесі сөгілсе, қыстан қалған қоқыстың құлағы қылтияды.

Оның үстіне жол мен тротуарлар химиялық қоспалардан тазартылады. Мәселен қыстыгүні  Астана көшелеріне 18 мың тоннадан астам құм мен тұз себіледі екен. Экологтардың айтуынша, қармен қоса полигонға төгілетін мұндай реагенттің қоршаған ортаға зияны көп.

Қыс басынан бері Астанадан 4 миллион текше метр қар шығарылды. Ал соңғы бес күнде жауған қардың мөлшері – айлық нормадан екі есе артық. Қазір қаланы қардан аршу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Шаһар көшелерін тазалауға 2 мыңнан астам адам жұмылдырылды. Мыңнан астам техниканың күшімен 36 мың текше метр ақ ұлпа полигонға шығарылды. Ендігі мәселе – осы қардың орнында қалатын қоқысты тазалау.

Темірлан Аринов, Сарыарқа ауданының коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы:

- Сарыарқа ауданының қар полигонының көлемі – 53 гектар. Биыл 830 мың текше метр қар қабылдадық. Қар ерігенде ілесіп келген қоқысты тазарту жұмыстарын жүргіземіз. Былтыр 350 тонна қоқыс шығардық. Қардың астына қоқыс тығып әкелетіндер бар. Біз жол бермеуге тырысамыз. Қазір 300 жүк көлігі жұмыс істеп жатыр. Соңғы бес тәулікте 70 мың текше метр қар жеткізілді.

Қоқыспен қатар реагенттің де қаупі зор. Қыста Астана көшелеріне 18 616 тонна құм мен тұз себілді. Тротуарлар мен жолдарға төгілген химиялық қоспаның қармен қоса полигонға апарылатыны белгілі. Экологтар реагенттің топырақ үшін зиянды екенін айтады.

Айжан Скакова, эколог:

- Тұрғындар шағымы тұзға қатысты. Көліктің қорабын, аяқ киімнің табанын тоздырып жіберетінін айтады. Астманы, аллергияны өршітеді. Алайда, реагенттен бас тарта алмаймыз. Алмастыратын ештеңе жоқ. Бірнеше жыл бұрын Жапония билігі реагентті қолданбау туралы шешім қабылдаған-ды. Сол қыста қайғылы оқиға, жол-көлік апаты жиілеп, өлім-жітім көбейіп кетті. Бұл тәжірибе қысы қатал Қазақстанның да құм мен тұзды пайдаланбай тұра алмайтынын көрсетеді.

Қазіргі уақытта шетелдік ғалымдар «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмаудың» амалын қарастырып жатыр. Яғни, мамандардың ендігі мақсаты – табиғат үшін қауіпсіз қоспа жасау.

Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Мұрат Әріпханов