Балқаш қаласында ескі үйлердің қасбеті жөнделеді

Балқаш қаласында ескі үйлердің шатыры мен қасбеті түгел жөнделетін болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол үшін тұрғын үй қорын жақсартуға арналған 3 жылдық бағдарлама қабылданды. Құрылысқа қажетті қаражат жергілікті және облыстық бюджеттен бөлініп отыр.

Биыл әуелі мысты шаһардағы 16 үй қалыпқа келтіріледі. Сондай-ақ Қоңырат елді мекеніндегі бірқатар баспаналар жаңартылады. Тұрғындар оны талай жыл сұрап келген. Қазір жұмыстар басталды. Енді 2026 жылға дейін аяқтау жоспарда бар.

Жанәлі Шпекбаев, ТКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Бұл бағдарлама бізге тұрғын үй қорын жаңартуға мүмкіндік береді. Салынғанына жарты ғасырға жуықтаған тарихи ғимараттарымызды сақтап, бірыңғай архитектуралық келбетін жасаймыз. Сонда шаһардың шырайы кіреді.