Қарағандылық суретшілер шахтаға түсіп көрді

«Көмір жүрегі» Кенші мен кен орны қылқалам шеберлерінің жаңа туындыларына арқау болмақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қарағандылық бір топ суретші   «АрселорМиттал Теміртау» АҚ «Казахстанская» шахтасының нөлдік көкжиегіне түсіп, көмір өндірілетін №3 учаскесіндегі лаваға барды. Әдетте шахта туралы біз кеншілердің әңгімесінен немесе кездейсоқ суреттерден білеміз. Ал цифрлық технологиялар мен компьютерлік кескіндемелердің қарыштап дамыған заманында суретшілер шахтаға түсіп, өз көздерімен көрген шынайы көріністерді бейнелеуге шешім қабылдапты. Олардың қатарында  танымал суретшілер мен гуманитарлық колледждің студенттері де бар.

Шахтаға түсу үшін алдымен еңбек қауіпсіздігі туралы нұсқаулықпен жіті танысу керек. Трамвай және монорельс. Бұл – кеншілерді жұмыс орнына апаратын жол. Кәсіпорын қызметкерлері заманауи мониторинг жүйесі туралы егжей-тегжейлі айтып, лаваға алып барды. Шахтадағы алғашқы минуттардың өзі меймандарға ерекше әсер қалдырды. Өйткені ақ-қара түстер көзден ғайып болды. 

Айдархан Қалмаханов, облыстық суретшілер ұйымының жетекшісі:

- Мен  керемет әсер алдым. 500 метр тереңдікте басқа өмірге, фантастикалық әлемге тап болған сияқтымын. Бірінші кіргенде жаңа ғимарат, заманауи интерьер, мозаиканы көрдік. Ал төменге түскенде шахтаның іші жап-жарық екен. Кеншілердің киімдері мен фонарьлары шамдардың сәулесімен шағылысқанда бөгде планетаның адамдарын көргендей болдым. Бұл шахта емес, басқа бір құпия база іспетті.

Қарағандылық суретшілердің көбі кеншілер отбасында туып өскен. Соған қарамастан шахтаны алғаш көргендері бар. Кен орындарында нағыз еңбек майталмандары жұмыс істейді.

Лариса Корчевская, суретші, өнертанушы:

- Айналамда шахтерлар өте көп болды. Көзінің асты қара түске боялған адамды көрсек, шахтер дей саламыз. Бірақ олардың ауыр еңбегі жайында  біле бермейміз. Менде жаңаша көзқарас пайда болып, кеншілерге деген құрметім де арта түсті.

Пленэрге қатысушылардың жартысы – авангард суретшілер. Олар енді өз туындыларын «Көмір жүрегі» атты көрмеге қояды. Мұндай жобалар жер асты кәсіпорындарында жұмыс істейтін адамдардың еңбегін жаңа қырынан танытады. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-да кеншілердің жұмыс жағдайын жақсартуға баса мән беріліп отыр.   

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Жеңіс Темірболат.