Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданында ішімдіктен бас тартқан ауыл бар

Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданында ішімдіктен толықтай бас тартқан ауыл бар.

Сәкен Сейфуллиннің есімін иеленген елді мекенде алкаголь өнімдері ішілмейді де, сатылмайды да. Бұл – әлдекімнің қойған талабы емес, тұрғындардың өз қалауы. Нәтижесінде, ел ішінде ірілі-ұсақты бұзақылық сап тиылған. Соңғы 3 жылда селолық округте бірде-бір қылмыс тіркелген жоқ.

Ел ағалары ішімдік атаулыны ауылдан аластау үшін аса қинала қоймаған. Алкагольден бас тарту туралы бастама бірінші жастар тарапынан жасалған. «Ащы су» әуелі дастарханнан, кейін дүкен сөрелерінен алынып тасталған.

Нұрлан Орынбайұлы, ауыл тұрғыны:

- Жастарымыз өте белсенді. Алкогольді ішімдікке мүлде қарсымыз бәріміз. Ауылымыздың тыныш өмір сүріп жатқаны мына ішімдіктің жоқтығы.

Селолық округ құрамына шағын 3 елді мекен енеді. Мыңға тарта тұрғынға қызмет көрсететін учаскелік инспектор ауыл арасында қазір сирек жүретін болған. Көбіне аудан орталығында. Көрші ауылдағы әріптестері оған «жұмыссыз инспектор» деп әзілдейтін көрінеді. 

Сәкен Картаев, учаскелік инспектор:

- Кейінгі жылдары осы ауылда ешқандай қылмыс тіркелген жоқ.ауыл жастары өздерінің еңбекқорлығымен, мал шаруашылығымен айналысады.

Сәкен ауылында осымен үшінші жыл, той-томалықтың өзі арақ-шарапсыз өтеді. Елді мекендегі 4 дүкенде алкаголь мүлде сатылмайды. Кәсіпкерлер өз еріктерімен бас тартқан. Содан бері ауыл ішінде ерекше сыйластық пен тыныштық салтанат құрған.

Алданыш Әменов, ауыл тұрғыны:

- Есігіміз күндіз-түні ашық жатады. Ешқандай ұрлық, қиянқылық болмайды.  Ауыл шаруашылығында көбісі. Сосын мынау спорт жағына мықты біздің ауылдың балалары.

Жаман әдеттен жандарын аулақ салған жастар жағы ата кәсіпке ерекше ден қойған. Алақандай ауылда жұмыс жасайтын 85 шаруа қожалығы соның дәлелі.

Авторлары: Елдос Какенов, Гүлшаһира Серекбаева