Петропавлда үйі бар отбасылар пәтер жалдап жүр

Петропавл қаласында ондаған отбасы пәтері бола тұра, өзге жерден үй жалдап жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әу баста жаңадан үй алдық деп қуанғанмен, үшінші жыл қатарынан су, жарық не жылу жоқ. Тіпті үй кәріз жүйесіне толық қосылмаған. Бұған жергілікті билікі не дейді? Мердігердің уәжі қандай?

Күлтөбенің басында күнде жиын... Бұл үйдің тұрғындары пәтер кілтін былтыр алса да, әлі күнге дейін көше алмай жүр. 9 қабатты жаңа үй дайын. Бірақ су мен кәріз жүйесіне қосылмаған. Жылу да жартылай тартылған.

Қайрат Файзуллин, қала тұрғыны:

- Олар желтоқсан айына дейін бәрі болады деп айтқан. Содан кейін жылуды берген жоқ, уақытша қыс бойы мына наурыз айына дейін бір «кательныйды» қойды. Үйдің сыртында, сонымен жылу беріп тұрды. Енді наурыз айында орталықтандырылған жылуды қосты. Бірақ тұруға болмайды, кәріз жүйесі жоқ, суық су жоқ.

Бұл үйдің құрылысы 2021 жылы басталып, былтыр аяқталды. Ал инженерлік желілер бюджет есебінен салынуы тиіс еді. Бірақ жұмыс үшінші жылға созылып барады. Кейбір тұрғындар ипотека төлеумен қатар пәтер жалдап шығынға батып жүр.

Әсемгүл Кереева, қала тұрғыны:

- Осылай келіп, қазып тастады. Көктем айында бәрі мұнда езіліп, быт-шыт болып, не адам кіре алмай, не көлік кіре алмайды мына жерге. «Тараз-Энерджи» деген компания. Бірақ бұлардың адамдары, 1-2 адам мүмкін бір жұмада біреуі шығар, ешбір адам көрінбейді. 

Су, жылу, жарық, кәріз жүйесін тартуға бюджеттен әу баста 350 млн теңге бөлінді. Мердігердің айтуынша, қаржының алғашқы бөлігі бір жылдан кейін бірақ түскен. Бұл аралықта материалдар қымбаттап, жоба қайта қарауға жолданған.

Даурбек Нұрымғалиев, серіктестіктің бас директоры:

- Осы жылдың басында жобаға өзгертулер енгізіліп, жобалық-сметалық құжаттарын алдық. Сараптамадан өттік. Енді қосымша келісімшартты күтіп отырмыз. Қаржы қалай бөлінеді, солай кірісеміз. Әзірге ақша аударылған жоқ. Қазір жұмыстың 50% орындалды.

Жергілікті билік өкілдері нақты шешім шығарғанша уақыт өтіп, жоба 130 млн теңгеге қымбаттап шыға келді. Енді тура сол жобаға жарты миллиардқа жуық ақша жұмсалады.

Эльмира Сәдуақасова, қала әкімінің баспасөз хатшысы:

- Қаражаттың 10%-і жергілікті бюджеттен бөлінсе, 90%-і республикалық бюджеттен бөлінді. Жұмыс ең басында басталғанда жергілікті бюджеттен бөлінген қөаражатқа басталды. Ал республикалық бюджеттен қаражат кешіктірілгеніне байланысты жұмыс тоқтатылды. Ал содан кейін материалдардың қымбаттауы да орын алды. Сөйтіп, жобаға өзгертулер енгізу туралы шешім қабылданды.

Шенеуніктердің «әне, міне» деген сөзіне сеніп қалған кейбір тұрғындар пәтерлерін жөндеп алған. Ал өткен апатада екінші қабатта «батарея» жарылып, бір баспана судың астында қалды. Енді бұл үй инженерлік желілерге жаздың ортасында ғана қосылуы мүмкін. Оның өзінде құрылыс компаниясы тартуы тиіс.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Петропавл қаласы бойынша инфорқұрылымның уақыты тартылмауынан 13 көпқабатты үй тапсырылмай тұр. Олардың бәрі де мемлекеттің бағдарлама бойынша, яғни бюджет есебінен салынған. Ал тұрғындар қоныстарын әлі де күтіп отыр.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков.