Қостанайда Аллюр компаниясының мамандары мемлекеттік тілде білім алады

Қостанайда Аллюр компаниясының қолдауымен болашақ машина жасау саласының мамандары мемлекеттік тілде білім алады.

Автомобиль көлігі колледжінде 2 жыл бұрын қазақ топтары ашылып, студенттер кәсіпорындарда тұрақты практикадан өтеді. Жұмыс берушілердің айтуынша олар білікті мамандардан кем түспейді. Берілген тапсырманы мүдірмей орындайды. Мысалы жергілікті автозауыттағы жас кадрлардың дені осы оқу ордасының студенттері.  

Нұрсұлтан Серғалиев Қостанай автомобиль көлігі колледжінің қазақ тобына түскен алғашқылардың бірі. Қазір автослесарь мамандығын ана тілінде меңгеріп жатыр. Кез келген детальдің қазақша аудармасын жатқа біледі.  

Нұрсұлтан Серғалиев, Қостанай автомобиль көлігі колледжінің 2-ші курс студенті:

- Неге мен осы колледжбен мақтанамын және мақтан тұтамын? Автодор колледжінен қаншама маман мен шеберлер шығады. Осы автодорда тек орыс тобынан бөлек қазақ тобы ашылды. Қазақ тобына мен де түстім. Менің артымдағы балалар түсті. Ал біздің мақсатымыз қазақ тобын дамыту. Қазақ тілін дамыту. Қазақ тобын көбейту.

Студенттердің қазақ тіліне деген ынтасын арттыруға Аллюр компаниясы себепкер болды. Былтыр автозауыттың бастамасымен машина жасау терминдерінің сөздігі құрастырылды. Әдістемелік құралда автоөндіріске қатысты мыңға жуық термин қамтылған.

Дмитрий Павленко, Қостанай автомобиль көлігі колледжінің директоры:

- Сөздік мемлекеттік тілде білім алатын студенттерге таптырмас көмек құралына айналды. Бұған дейін жоба авторларына өзіміз жиі қолданатын терминдерді ұсынғанбыз. Соның негізінде сөздік жарық көрді.

Қазір колледжде 73 студент қазақша білім алады. Олар автослесарь, электрик және техник-механик мамандықтарын меңгереді. Келер жылдан бастап автомобиль құрастыру мамандығы да мемлекеттік тілде үйретіледі.

Талғат Әлмағамбетов, Қостанай автомобиль көлігі колледжінің оқытушысы:

- Топта 25 бала. Бәрі түгел. Бітіретін шығар. Бір жыл қалды. Үйреніп келе жатыр. Бірінші практика монтаж. Бірінші қозғалтқыштары. Өздері қолымен бұзып жинап практикада үйреніп келе жатыр. Үш практика өтті. Осы төртінші практика.

Колледж жергілікті Аллюр компаниясымен тығыз байланыста. Автозауытқа жылда оқу ордасын бітірген студенттердің 80 проценті жұмысқа алынады.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров