Есірткіге қарсы кешенді жоспар жобасы таныстырылды

Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспардың жобасы таныстырылды.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен өткен жиынға Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес мүшелері мен орталық мемлекеттік органдардың басшылары қатысты. Кеңесте синтетикалық есірткінің таралу мәселесі жіті қаралды. Нашақорлықтан емдеу және оңалту бағытындағы жұмыстар баяндалды. Сондай-ақ профилактикалық шараларды күшейту бойынша мемлекеттік органдарға нақты ұсынымдар берілді. Елде жыл сайын 20 тоннаға жуық есірткі тәркіленсе, оның 4 пайызы синтетикалық түрі. Былтырдың өзінде 580 келісі заңсыз айналымнан алынған. Жыл сайын есірткі саудасына қатысты 3 мыңға жуық қылмыс анықталып отыр. Айта кетейік, Мемлекет басшысы 2022 жылдың қыркүйек айында жариялаған Жолдауында синтетикалық есірткімен күресті мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде атаған болатын. Онымен күрес мәселесі алғаш рет Жастар саясаты жөніндегі кеңестің  былтыр тамыз айында өткен отырысында да қозғалды.