Жылыту маусымында өңірлерге темір жолмен 72 млн тонна көмір тасымалданды

Өткен жылу беру маусымында еліміздің темір жолдарымен өңірлерге 72 млн тоннаға жуық көмір жеткізілді.

Теміржолшылар алдағы жылыту кезеңіне де құзырлы министрлікпен бірлесе отырып ертерек қамдануды жөн санайды.

Биылғы жылыту маусымында республика аймақтарына шойын жолмен тасымалданған көмір көлемі былтырғы кезеңмен салыстырғанда 1 млн тоннаға артты. Оның ішінде 9 жарым млн тоннаға жуығы «Қазақстан темір жолы» желісі бойынша тасымалданды. Теміржолшылар биыл өңір тұрғындарына жөнелтілген тас көмірдің мөлшері 500 мың тоннаға артқанын мәлімдеді. Сондай-ақ, жылу электр орталықтары 62,4 млн тонна қатты отынмен қамтылды. Жылыту маусымында көмірдің ең көп тұтынылатын кезеңі қыркүйек пен желтоқсан айларына келеді. Осы аралықта көмір кен орындарынан отын  тиеу жүктемесі 40%-ке артып, айына 7 млн тоннаға дейін жеткен. Қатты отын тасымалы үшін "Қазтеміртранс" паркінің 17 мыңнан астам вагоны жұмылдырылды.

«Жылыту маусымы басталғанда ҚТЖ мен ҚР ИИДМ-де стратегиялық жүктерді тасымалдауды үйлестіру жөніндегі штабтар тәулік бойы жұмыс істейді. Барлық облыстарға разрездерден көмірді тиеп, жөнелтудің тәуліктік мониторингі жүргізіледі. Бос вагондардың разрезге берілуі және әрбір станциядағы көмір тұйықтарында жүк түсіру барысы бақыланады». - «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі

Теміржолшылар алдағы жылу беру маусымына да белсенді дайындалуға шақырды. Мамандар өңірлерде тұрмыстық және Жылу электр орталықтарының қажеттіліктеріне сай көмір тасымалын алдын ала жоспарлау маңызды екенін атап өтті.

Рухани Асқар, Нұргүл Есаханова