Қызылорда облысының екі ауылына газ қосылды

Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында 2 елді мекенге газ берілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірлік және Қыраш ауылының тұрғындары көгілдір отынды көптен күтіп жүрген болатын. Сонымен қатар Қызылорда мен Түркістан облыстарының шекарасынан бой көтерген зәулім қақпа салтанатты түрде ашылды. Аудан тұрғындарын қуанышқа бөлеген айтулы рәсімге облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысты.

Бірлік елді мекеніндегі 440 үй мен 5 әлеуметтік нысан бүгіннен бастап көгілдір отынның игілігін көреді. 3 мыңдай тұрғыны бар ауылды газдандыру үшін бюджеттен 800 млн теңгеге жуық қаржы бөлініп, 40 шақырымнан астам құбыр тартылды.

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:

- Өткен жылы бізде 14 жоба жүзеге асып, 9 млрд теңге жұмсалды. Биылғы жылы тағы да осы көгілдір отынмен өңірді қамтамасыз етуге 9 млрд теңгенің үстінде қаражат бөлінді. Тағы да жыл көлемінде бұған қаражат қаралатын болады.

Үйіне газ келіп, көңілі жаз болғандар қатарына Қыраш ауылының да тұрғындары қосылды. Тонналап көмір сатып алмаймыз. "Пешке от жағып, күл шығармаймыз", - дейді қыраштықтар.

Гүлжахан Бисенова, Қыраш ауылының тұрғыны:

- Үйге барғанда үйіміз жылы, тамақ дайындайтын болсақ, газымыз дайын. Өте қуаныштымыз.

Осылайша, Қызылорда облысын газдандыру көрсеткіші 70%-ке жетті. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Бұл мақсатқа 7,4 млрд теңге бөлінген.

Ерлан Жоламанов, облыстық Энергетика басқармасы басшысының орынбасары:

- Биыл енді Жаңақорған ауданында жобалар басталды. Бұл жерде Шалқия, Құттықожа елді мекенінде, Төменарық, Жайылма, Кейден елді мекенінде жалпы газдандыру деңгейін биыл жылдың аяғына дейін 72%-ке жеткізу жоспарланып отыр.

Аймақ басшысы Қызылорда мен Түркістан облыстарының шекарасынан салынған зәулім қақпаның ашылу салтанатына да қатысты. Ені 43, биіктігі 17 метр болатын бұл нысан туған жерге жанашыр азаматтың жеке қаржысы есебінен бой көтерді.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмухаммед Байдулдаев.