«Саламатты Қазақстан» пойызы кезекті рет жолға шықты

Шалғайдағы елді мекен тұрғындарына медициналық көмек көрсету үшін «Саламатты Қазақстан» пойызы кезекті рет жолға шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алматының екінші теміржол вокзалынан аттанған денсаулық пойызы ультра дыбыстық зерттеу құралдарымен, зертханамен жабдықталған. Алғашқы аялдама – Алматы облысындағы Қопа станциясы.

Жалпы әлеуметтік жоба аясында еліміздің 17 өңірінің 75 мыңға жуық тұрғыны жан-жақты тегін медициналық көмек алады. Оларға 35 білікті маман қызмет көрсетеді. Биыл алғаш рет «Саламатты Қазақстан» пойызына заңгерлер, медиаторлар мен психологтар қосылды. Олар да алыс ауыл тұрғындарына жан-жақты кеңес беретін болады. Денсаулық пойызы желтоқсан айына дейін ел өңірлерін аралайды.

Альфия Адиева, жоба ұйымдастырушысы:

- Пойыз жапон және неміс технологиясынан шыққан медициналық құрал жабдықтармен толыққанды жабдықталған. УЗИ-ге түсіру мүмкіндігі бар. Дер кезінде анализдерді тапсыру мүмкіндікгі бар. Бұл жерде кейбір уақыттарда шағын ота жасау мүмкіндіктері бар.

Айдын Әукен, «Саламатты Қазақстан» пойызының рентгенолог маманы:

- Былтырғы тәжірибе бойынша біраз диагноздар анықталды. Ішінде туберкулез жағынан науқастар көп болды. Пойыздағы флюороаппарат біздің ауыл аймақтарға өте қажет. Өйткені көп ауылдағы адамдар жұмыс себебінен флюорографияға түсу үшін аудан орталықтарына, емханаларға бара алмайды.