Оралда ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өтіп жатыр

Мұның пайдасы: жергілікті кәсіпкерлер тауарларын делдалсыз өздері сатады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сол себепті өнім құны да арзандап, тұтынушы көп жиылады. Сауда жүрген соң баға да төмендейді.

Таңғы сағат 7-ден бастап Ықсанов көшесінің бойында сауда-саттық басталып кетті. Қаз-қатар тізілген сауда нүктелерінде тұтынушылар үшін таңдау мол болды. Ет, сүт, көкөніс пен бақша өнімдері, дәнді-дақылдар жетіп артылады. Бағаларды да бағамдап шықтық: картоптың келісі 100, пияз 280, сәбіз 250 теңгеден басталады. Ал сиыр еті 2300 теңге, тауық еті 950-1100 теңге аралығында.

Тұрғындар:

- Сүт өнімдерін алдым. Жақсы бағалары деген. Міндетті түрде керек. Сатушыларға емес, бізге, алушыларға өте пайдалы.

- Картоп алдық, ет алдық. Базарға қарағанда кішкене арзандау ғой әйтеуір.

Жәрмеңкеде 60-қа жуық кәсіпкер мен қожалық иелері өз тауарларын ұсынды. Оларға әкімдік сауда нүктесін тегін берген екен.

Мейрам Хайров, қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Ет өнімдерін Бөкей Ордасы ауданы, Жаңақала, өзіміздің қала маңындағы Бәйтерек, Теректі аудандарынан шаруа қожалықтары сатып жатыр. Әрине, өзімізде өсірілетін көкөніс өнімдері, бақша өнімдері, сонымен қатар өзімізде өндірілетін шұжық өнімдері бар, ұн өнімдері бар, шемекі майымыз бар.

Өнімдер тұтынушыларға делдалсыз сатылғандықтан, базар мен сауда желілеріндегі бағамен салыстырғанда мұнда 10-15%-ке арзан екені байқалады.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Түс болды, ал адам қарасы әлі саябырсыған жоқ. Демек баға расымен тиімді болған сияқты. Қалада мұндай жәрмеңке наурыз айының ортасынан бері әр сенбі-жексенбі күндері өтіп келеді. Осы аралықта 140 тонна шамасында өнім сатылымға шығарылған екен.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жрылғасов, Елдар Аюпов.