Түркістандағы қобыз үніне ынтық ару

Домбыра тартып, қазақша ән шырқап талайды тамсандырып жүрген өзге елдің азаматтарын білесіз. Ал қобыз тартқан шетелдікті көрдіңіз бе?

Мажар қызы  - Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде оқиды. Өзі: «Қазақтың күй өнерінде тылсым сыр бар» дейді. Сөйтіп, қаршадай қызды Қазақстанға жетектеп келген қандай күш? Қазақтың күй өнеріне ынтық болуының сыры неде?

21 жастағы Богларка Фехер қобыздың үнін алғаш рет 12 жасында естіпті. 2014 жылы Венгрияға еліміздің «Тұран» этно-фольклорлық ансамблі барып, концерт қойған. Сол жолы ол қазақтың ұлттық аспабынан шыққан ерекше сарынға тәнті болып, өзгеше әсерге бөленгенін айтады. Сол кезден бастап қазақ халқының музыкасы мен мәдениетіне деген қызығушылығы оянған.

Богларка Фехер, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің студенті:

- Олардың концертінде жүрегім елжіреп кетті. Сол кезден бастап, қазақстанды, қазақ мәдениетін, қазақ музыкасын қатты жақсы көремін. Қиын болған жоқ па, қобыз тартып, үйрену? - Өз қиындығы бар, мысалы домбырада перне бар, қобызда перне жоқ. Барлық дыбысты құлағымызбен, арнайы интонациясын тазалатып, флаш болмасын деп арнайы дайындық керек. Адам жақсы көрген нәрсені қызығушылығы болса, тез үйреніп алады. Менде қобызды жақсы үйренейін деген ниетпен Қазақстанға келдім.

Венгер қызы қазір Түркістандағы халықаралық қазақ-түрік университетінде дәстүрлі музыка мамандығы бойынша білім алады. 3 курс студенті қазақ тілін де тәп-тәуір үйреніп алған. Ашық-жарқын мінезінің арқасында тобындағы қыздармен де тез тіл табысып кеткен. Қазір құрбыларының арасында өте сыйлы.

Диана Әріпбаева, Богларка Фехердің топтасы:

- Бастапқы да оқуға түскен кезде мен өте қатты таңғалдым. Шетелден Қазақстанға келіп, қазақтың қара домбырасын, қобызын үйреніп, бізді таңқалдырды. Ерекше көзқараспен қарап, қуандым өз басым. Негізі біздің Богларка өте ізденімпаз, еңбекқор қыз. Оған әзілдеп айтамыз қоғыз тартасың, домбыра тартасың, енді садақ тартып, атқа мінуді үйренсең нағыз қазақ боласың деп.

Оқу орны басшыларының айтуынша, Богларканың бір ерекшелігі – университетте шетелдік студенттерге арналған арнайы жатақхана бола тұра, ол тобындағы кілең қазақ қыздарымен бірге тұруды жөн деп тапқан.

Асқар Тұрғанбаев, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті ректорының орынбасары:

- Нағыз мәдениеттанушылар осылай болуы керек. Келген жеріндегі елдің барлық дәстүрін, сол елдің өкілдерінің ортасында жүріп үйренуі керек. Яғни біздің мәдениетімізге деген құштарлығы өте жоғары.

6 тілде еркін сөйлей алатын полиглот қыздың қазақ өнеріне деген құрметі ерекше. Ол Қазақстанға келіп қобызбен бірге, домбыраны да қатар меңгеріп алған. Оқу орнындағы бірде-бір мәдени іс-шара Богларканың қатысуынсыз өтпейді. 

Богларка Фехер, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің студенті:

- Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра деп айтады иа? Осы домбыраны үйреніп жатқаныма, қазақтың екі ұлттық аспабын қатар үйреніп жатқаныма өте қуаныштымын. Осы музыка арқылы тек халқыма емес, бүкіл адамзатқа жақсылық жасағым келеді.

Өнерлі арудың ендігі арманы - Түркістаннан кейін Алматыдағы іргелі білім ордаларының бірінде білімін жалғастыру. Одан кейін туған жеріне барып, халқына қызмет ету. 

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш