Қызылордада бірлік күні атап өтілді

Қызылордалықтар Қазақстан халқының бірлігі күнін ерекше сән-салтанатымен атап өтті.

Тағдырдың жазуымен Сыр елінде тамыр жайған 35 ұлт пен ұлыстың өкілі бар. Өңірде 11 этномәдени бірлестік ырысты ынтымаққа негізделген түрлі шараларға атсалысады. Олар бүгінгі мерекеде де татулық пен достықтың үлгісін паш етті.

Бірлік күні мерекесіне арналған басты шара өзен жағасындағы «Сыр ана» монументі орналасқан алаңда өтті. «Татулығы жарасқан – берекелі Қазақстан» атты театрландырылған бағдарлама аясында облыс әкімі тұрғындарды мерекемен құттықтады.

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:

- Айналамызда болып жатқан жағдайларды зерделей қарасақ, бейбітшілік пен тыныштықтың қадірі арта түсері анық. Сондықтанда бірлігімізді болаттай берік сақтауымыз қажет. Берекелі бірлігіміз бен тату-тәтті тірлігіміз, Сыр өңірінде де серпінді істердің сәтті жүзеге асып, іргелі облыстардың қатарынан көрінуге септігін тигізуде. 

Түрлі музыкалық аспаптар сарнап, жұртшылық ұлттық  тағамдардан дәм татты. Осылайша этностар өз мәдениеті мен дәстүрін көрсетіп, мереке шырайын аша түсті.  

Елена Пак, «Корей» этно-мәдени бірлестігінің өкілі:

- Әрине әр қазақстандық үшін бұл мерекенің маңызы жоғары деп білеміңн. Себебі бір шаңырақтың астында көп деген ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті өмір сүруде.

Гүлназ Баймұратова «Өзбек» этно-мәдени бірлестігінің өкілі:

- Бүгін осы Қазақстан халқының этнос өкілдері 100-ден астам мерекелік іс шараға қатысып, барлығымыз ұлттық киім киіп, салт-дәстүрімізді көрестіп, керемет көңіл күйде осы іс-шараны өткізіп жатырмыз. 

Мерекеде этномәдени бірлестік өкілдері би билеп, ән шырқады. Айта кетейік, мұндай шаралар Қызылорда облысының барлық аудандарында кең көлемде ұйымдастырылды. 

Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев