Түркістанда Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне құрмет көрсетілді

Рухани шаҺарда от пен оқтың арасынан аман келген екі майдангер тұрады.

Олардың бірі – 96 жастағы Әбжаппар Дайрабайұлы. Ол 1943 жылы соғысқа аттанып, Беларусь, Украина майдандарына, одан кейін Польшаны азат етуге қатысқан. «Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» және бірнеше медальмен марапатталған. 1946 жылы елге оралған соң ұзақ жыл бойы ұстаздық еткен. Ерлігімен жас ұрпаққа үлгі болған майдангердің тағы бірі - Немет Абдурасилов. Шараны ұйымдастырушылар ардагердің үйіне арнайы барып, мерекемен құттықтады. Сый-сияпат жасап, көңілін аулады. Немет Абдурасилов 1922 жылы дүниеге келген. 19 жасында қан майданға өз еркімен аттанып, ерлігімен көзге түскен. «Қызыл Жұлдыз», І-ІІ дәрежелі «Даңқ», І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен, «Ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған. Бейбіт өмірде экспедициялық автокөлік кәсіпорында жүргізуші болған. Жалпы қазір Түркістан облысында Ұлы Отан соғысының 14 ардагері тұрады.

Немет Абдурасилов, Ұлы Отан соғысының ардагері:

- Әй, жігіттер! Келгендеріңе рахмет. Алладан медет, пайғамбардан шапағат, дендерің сау болсын. Иманды болыңдар! Ұстағандарың алтын, жегендерің май болсын. Бала-шағаларың үбірлі-шүбірлі бола берсін. Екі дүниең абат, көпшілік аман болсын.