Құрмет қарауыл ротасына тек ең мықтылар қабылданады

Олар Президенттің қатысуымен болатын барлық мемлекеттік деңгейдегі іс-шараны, Ақордадағы салтанатты қабылдауларды, шетел басшыларымен кездесулерді және шығарып салу рәсімдерін қамтамасыз етеді.

Олар саптық қадаммен бірнеше сағат бойы үздіксіз жүруден шаршамайды. Олар – табанды да төзімді жігіттер. Біз Құрмет қарауыл ротасы туралы айтып отырмыз.

22 жасар Дастан Қанатұлы Алматыдан Құрмет қарауыл ротасына түсу үшін арнайы келді. Мақсаты – отанға қызмет ету. Жас сарбаз әскерге шақыру кезінде көзге түсіп, кейіннен оған элиталық бөлімде қызмет етуге ұсыныс түсті. Мұндай мүмкіндікті қалт жіберместен, бірден елордаға жол тартыпты.

Дастан Қанатұлы, ҚР МКҚ мерзімді қызмет сарбазы:

- Бұл жерге тек таңдаулыларды, ең мықтыларды таңдайды десем болады. Себебі бізді толықтай жан-жақты сұрыптап, физикалық тұрғыдан, психологиялық-моральдық тұрғыдан, біз жан-жақты тексерулерден өттік. Сол тексерулерден өткеннен кейін осы жерге келіп отырмыз.

Дастанның айтуынша, сымдай тартылған жігіттердің әр қимылы мінсіз болу керек. Мұнда қателікке бой алдыруға мүлде болмайды. Өйткені бұл – елдегі ең таңдаулы бөлімше, әрі Қарулы Күштеріміздің маңдай алды мақтанышы.

Дастан Қанатұлы, ҚР МКҚ мерзімді қызмет сарбазы:

- Түрлі елдердің, әлем мемлекеттерінің басшыларын қарсы алу кез келген адамның маңдайына жазылмаған бақ деп есептеймін. Ақордада тұрып, мемлекет басшыларын қарсы алып. Осы мемлекеттік күзет қызметіне келіп, сарбаз болып, мерзімді әскери қызметімді өтіп жүргеніме қуаныштымын. Әрі мақтан тұтамын.

Айжан Бірлікқызы, тілші:

- Құрмет қарауыл ротасы деп аты айтып тұрғандай, аталмыш әскери құрылымға «сайдың тасындай» сайыпқырандар ғана қабылданады.

Іріктеуден бойы 180 сантиметрден кем емес және физикалық қабілеттері жақсы дамыған ғана сарбаздар өте алады. Алайда мықты денсаулық жеткіліксіз, онымен бірге тәртіп, жауапкершілік, төзімділік сияқты қасиеттер болуы керек.

Сарбаздарға таңдау жасағанда олардың спорттағы жетістігі де есепке алынады. Әрі жоғары білімді үміткерлерге басымдық беріледі. Ал элиталық бөлімшеге қабылданған сарбаздар аптасына 5 күн жауынгерлік және физикалық дайындығын шыңдай түседі.

Александр Шуликин, «Айбын» Президенттік полкі басқарма бастығының орынбасары:

- Жауапкершілік өте жоғары. Келген жауынгерлер бірінші күннен бастап кез келген іс-шараға қатыса бермейді. Бұл жерде үлкен дайындық жұмыстары жүргізіледі. Жаңадан келген жауынгерлерді жарты жыл көлемінде біз тек дайындаймыз. Жарты жылдық дайындықтан кейін бұлардың ең үздіктері, топ жарып шыққан жігіттердің өзі ғана осындай үлкен іс-шарларға қатысады.

Мемлекеттік деңгейдегі салтанатты рәсімдер мен протоколдық іс-шаралардан бөлек, Мемлекеттік күзет қызметінің әскерилері Президенттің және жоғары лауазымды тұлғалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді және елдігіміздің басты нышаны – көк байрағымыз бен елтаңбаның қорғаны. Жыл сайын Құрмет қарауыл ротасы 20-ға жуық шара өткізеді.