Өскемендіктер Отан қорғаушы күнін ерекше атап өтіп жатыр. LIVE

Отан қорғаушы күнін шығысқазақстандықтар ерекше атап өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өскемендегі этноауылдың іші дәл қазір нағыз әскери мейрамға айналды. Бұдан бөлек, көпшілік соғыс техникасының түрлері қойылған көрмені тамашалай алады.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Қайсарлық, өрлік, намыс, отанға деген сүйіспеншілік ұлықталатын бір күн болса, ол – осы бүгінгі 7 мамыр Отан қорғаушы күні. Ел қорғаған ерлердің мерекесі. Өскемендіктер де бұл мерекеге ерекше дайындалыпты. Біз қазір сол жағалау паркі немесе Этноауыл ішінде тұрмыз. Осы жерге келген әр адам рух алып қайтары анық.

Отан қорғаушылар күніне орай бұл жерде әскери техникалар көрмесі өтіп жатыр. Т-72 танкісі, ұрыс машиналарының түр-түрі қойылған.Тұрғындарға қолайлы болу үшін әр техниканың жанына нұсқаушы қойылған. Яғни, қызыққан адамға кез келген техника жайлы мәлімет береді. Бұдан бөлек, қару-жарақ көрмесі де назарға ұсынылды.

Айтпақшы, осы парк ішінде әскери әндер әуелеп тұр. Нағыз жауынгерлік іс-қимыл да көрсетіліп жатыр. Тағы бір керемет жағдай, парадтық киімдер көрсетілімі де боп жатыр. Осының барлығы Шығыс өңірлік  қолбасшылығының 27943 әскери бөлімі өткізіп жатыр. Менің қасымда Әбікенов Азамат мырза тұр, әскери бөлім командирі, Азамат мырза бұндай көрме, шара жастарға не береді? Жыл сайын өткізесіздер ғой, қандай ой түйесіздер? 

Азамат Әбікенов, №27943 әскери бөлімінің командирі:

- Бұл шараны жылда өткіземіз. Дәл осы мамыр мейрамын өз дәрежесіне сай өткізу – біздің міндетіміз. 7 мамыр мейрамына дайындықты бір ай бұрын бастаймыз. Қару-жарақ техника көрмесінің мақсаты – жастардың әсіресе жеткіншектердің рухын көтеру. Әр бала кеп көрсе, қызықса, сұраса, ол баланың есінде қалды деген сөз. Мұндай рухты сезінген жеткіншек отан қорғау деген асыл ұғымды бойына мықтырақ сіңіреді деп ойлаймын.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Айта кетсек болады, әдетте мамыр мейрамдарында бізде күн суып кететін. Бірақ биыл табиғат жылы шырай танытып тұр. Сондықтан оқушылар да мерекенің басы-қасында. Қазір қаладағы Даңқ мемориалы маңында әскери-патриоттық клуб мүшелерінің маршы боп жатыр. Әскери бөлімдерде ашық есік күні де ұйымдастырылуда.