Қостанайда Жеңіс күніне орай желаяқтар жарысы өтті

Қостанайда Жеңіс күніне орай желаяқтар арасында 40-шы рет жартылай марафон өтті.

Бұқаралық шараға түрлі жастағы екі жүзден аса адам қатысты. Облыстың түкпір-түкпірінен келген атлеттер де бақ сынады. Олар қала көшелерімен 2400 метр, 10 және 21 шақырымды еңсерді. 

Таңсәріден Жеңіс саябағына жиналған желаяқтардың қарасы қалың болды. Олардың арасында спортты серік еткен әуесқойлар да, кәсібилер де бар.

Алмас Әбілдин, қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының м.а:

- 200-250-дің үстінде күтіп отырмыз. Барлық қалалардан, аудандардан келіп отыр. Әулиекөл, Алтынсарин ауданына келді мысалы. Рудный, Лисаков қаласынан келді.

Жарыс шымылдығын 21 шақырымға сынға түскен желаяқтар ашты. Олар алты көшені бойлай жүгіріп, мәреге сүрінбей жетті.

Сергей Поликарпов, жартылай марафонға қатысушы:

- Аталмыш жартылай марафонның тарихы 1982 жылдан басталады. Сол уақыттан бері үзбей қатысамын. Желаяқтар бәсекесі майданда қаза тапқан боздақтар рухына тағзым етудің нышанына айналғандай.

Жартылай марафонға шамасы келмегендер 10 шақырымдық бәсекеге түсті. Бұл қашықтықты дені қиналмай бағындырды.

Күләш Төлебаева, жартылай марафонға қатысушы:

- Жаңа Тараздан пойыздан түстік. Жартылай марафон жүгіргенбіз 21 шақырым. Ол жақта ыстық болды. Мына жаққа қарағанда. Бүгін Қостанайға келіп Жеңіс күніне орай 10 шақырым жүгірдік.

Спорттық шараға атсалысқан көпшілік Мәңгілік алау басына да ағылды. Бабалар ерлігіне бас иіп, гүл шоқтарын қойды. 

Құмар Ақсақалов, облыс әкімі:

- Ұлы Жеңісте қостаанйлық жауынгерлер де өздерінің ерлігімен көзге түсті. Кейін 150-дивизияға айналған 151- жеке атқыштар боигадасы бүкіл Еуропаны басып өтіп Берлинге дейін жетіп, рейхстагқа Жеңіс туын тікті.

 

Жалпы Екінші дүниежүзілік соғысында Қостанай облысынан 75 мыңнан астам жауынгер қан майданға аттанды. Кеңес Одағының батыры атағын 31 адам иемденген. Биыл Жеңіс күнін 21 қарт майдангер қарсы алды.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров