Астанада автобус жолағымен барлық көлікке жүруге рұқсат берілуі мүмкін

Астана қаласының әкімдігі автобус жолақтарын пайдалануға қатысты өзгеріс енгізуге ниетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Түнгі уақытта және демалыс, мереке күндері арнайы жолақпен барлық көлік түрінің жүруіне рұқсат бермек. Әрине, егер тұрғындар қарсы болмаса. Қазір әкімдік сайтында онлайн сауалнама жүріп жатыр. Автобус жолақтарымен барлық көлікке жүруге рұқсат берілуі мүмкін. Қазір қала әкімдігі осы мәселеге қатысты сауалнама жүргізіп жатыр. Егер халық қолдаса, кешкі 8-ден таңғы 6.30-ға дейін және демалыс, мереке күндері еркін жүріп-тұруға болады. 22 сәуірден бастап бұл жаңалық Абылайхан даңғылында енгізілді. Яғни, Манастан Пушкин көшесіне дейін арнайы жолмен алаңсыз жүре аласыз. 33-ші бағыттағы автобусты тізгіндеген Біржан Өтемұратов бұл жермен күніне бірнеше мәрте өтеді.

Біржан Өтемұратов, автобус жүргізуші:

- Жүріп жатыр ғой. Самокатта та жүріп жатыр, мотоцикл де жүріп жатыр, такси де жүріп жатыр, бәрі жүріп жатыр. Автобус жолағының болғанынан не пайда ол. Күндіз бәрібір кедергі жасайды ғой олар, демалыс болсын, мереке болсын. Бәрібір кедергі болады бізге. Біз, мысалы, базардың төңірегінде жүреміз. Бар жер кептеліс болады, базардың төңірегі. Күндіз қажеті жоқ рұқсат беріп. Кешке болса болады.

Қазір қала көшелеріне күн сайын 800 автобус шығады. Қоғамдық көліктің кептелісте тұрмай, діттеген жеріне уақытында жетуі қалалықтар үшін маңызды. Мамандар басқа көліктің арнайы жолақпен жүруіне рұқсат берілгенде автобустардың кестеден 3-4 минут кешігіп келетінін анықтаған.

Әділ Саинов, «City Transportation Sistems» ЖШС Көлікті үйлестіру департаменті директорының орынбасары:

- Біздің зерттеуіміз, автобус жолағымен жеке көліктердің жүруіне рұқсат берілгенде, қоғамдық көліктің интервалы 18%-ке ұлғаятынан көрсетті. Жолаушылар тасымалының операторы ретінде арнайы жолақтарға қатысты қазіргі талаптың сақталғанын қалаймыз. Себебі бұл жолақтармен автобустан бөлек, өрт сөндіру, «жедел жәрдем» сынды арнайы қызмет техникалары да жүреді.

Ал темір тұлпар күнделікті серігіне айналған астаналықтардың көпшілігі жаңалықты қуана қолдайтындарын айтады. 

Нұрсұлтан Ақатаев, қала тұрғыны:

- Сағат 8-ден кейін, тіпті 7-ден кейін болады ғой, жұмыстан бәрі 6-да қайтады. Әйтпесе, кептеліс болып жатыр. Бір жол-көлік апаты болады, қанша машина тұрады ғой барлық жерді жауып. Енді бізде дейтін трасса кішкентай ғой, бұдан да кішкентай трассалар бар қаланың ішінде. Ол жерде бір жолақ деп тұра бермейсің ғой. Алдында біреу жол-көлік апаты болды ма, болды, қалғанының барлығы тұрады ғой. Заңды бұзып шыға алмайды.

Астанада мыңнан астам көше бар. Олардың ені, ұзындығы әртүрлі. Тиісінше кейбір көшелердің тарлығынан қиындықтар туындауы ғажап емес.

Артур Мискарян, сарапшы:

- Қаладағы жалпы ахуал нашар деп айтуға келмейді. Алайда тар көшелерде көлік кептелісі болып жатады. Сондықтан рұқсат берерде қажеттілігіне қарау керек. Өзгеріс барлық көшеге қатысты болады деп ойламаймын. Жан-жақты ойлап шешетін мәселе.

Сарапшының айтуынша, Астана көлік саны аз қалалар қатарына жатады. Мәселен, елімізде мың адамға орта есеппен 200 көліктен келсе, Елордадағы көрсеткіш 185-тің шамасында. Ал бұл көліктердің келешекте қалай жүріп-тұратыны тұрғындардың таңдауына байланысты. Әкімдік сайтындағы сауалнама 30 мамырға дейін жалғасады.

Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Мұрат Әріпханов, Наурызбай Құрманғазы.