Ұлытау облысында жылжымалы медициналық кешен ауылдарды аралап жүр

Ұлытау облысында заманауи медициналық аппараттармен жабдықталған жылжымалы кешен ауылдарды аралап жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мақсат – шалғайда орналасқан, жоғары білікті дәрігерлер тапшы ауыл тұрғындарын тегін медициналық тексерістен өткізу. Құрамында хирург, гинеколог, көз дәрігері, кардиолог, педиатр мамандары, сондай-ақ  рентген, ультрадыбыстық зерттеу және қан талдамаларын жасайтын зертханасы бар кешен Жаңаарқа ауданына қарасты Ерәлиев ауылында болды.

Осыдан 3 жыл бұрын қолға алынған бастама міндетті медициналық сақтандыру қоры арқылы жүзеге асып отыр. Оған биыл 40 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Жылжымалы кешен алдағы 1 айдың ішінде 20-дан астам елді мекенді аралап, қызмет көрсететін болады. 

Айта кету керек, өткен жылы дәл осы кешен арқылы 10 мың азамат тексерістен өтіп, нәтижесінде 1 мыңнан астам тұрғыннан түрлі аурулар алғашқы сатысында анықталды.

Мұхамедғали Азбаев, Ш. Ералиев ауылының тұрғыны:

- Біздің ауылда 175 зейнеткер тұрады, 55 алтын алқа, 41 күміс алқалы ана бар. Сол сияқты 386 бала мектепте оқиды. Осының бәрін қарауға, мінекей, ауылдан зейнеткерлер алысқа бармай, үйдің қасынан қаралсын деп дәрігерлер келіп жатыр. Бұл келіп жатқандарына рақмет. Көктемде де бір рет келген.