Талдықорғанда жаңа үйдің жертөлесі кәріз суына бітеліп қала береді

Талдықорғанда жаңа үйдің кәріз жүйесі бітеліп, жертөлесі нәжіс суға толып қалды.

Бұл бірінші жағдай емес. Тұрғындар осы үйге кіргеннен кейінгі үш жылда осы кәріз құбырымен алысып келеді. 

Бірақ басқарушы компания мен тұрғын үй инспекциясының өкілдері бет бақтырар емес. Олар бар кінәні тұрғындардың өздеріне артып отыр.

«Бірлік» шағын ауданынындағы №18 үйдің пайдалануға берілгеніне небәрі 3 жыл болды. Осы аз ғана уақыттың ішінде кәріз жүйесі 4-5 рет бітеліп қалған. «Жертөлеге жайылған нәжіс судың иісі қолқаны қабады. Жаңа үйден пәтер алдық деп қуанып едік, қуанышымыз ұзаққа созылмады», – дейді тұрғындар. 

Зәуре Әубекерова, қала тұрғыны:

- Мысалы, менің балаларым маған осы квартираны өздерінің ақ-адал еңбегімен алып берді. Төлеп болған жоқ, кредитпен отыр ғой бәрі жұрттың. 21-ғасырда осындай боқтың ішінде отыру енді бізге обал болар.

Зарина Базылова, қала тұрғыны:

- Осы бір аптаның ішінде мынау уже екінші рет болып жатыр. Иіс деген енді даже терезені аша алмаймыз. Терезені ашсақ та үйге кіреді ауа. Подъездің ішіне кіре алмайсың.

Талдықорған қалалық тұрғын үй инспекциясындағылар аталған үйдің 2 жылдық кепілдік мерзімі өтіп кеткенін, сол себепті үйді күтіп ұстауға тұрғындардың өздері жауапты екенін айтып отыр.

Берік Абылхан, қалалық тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

- Бұл үй бойынша енді осы күнге дейін бірнеше рет ақаулар болған. Қазіргі таңда мына бізде управляющий компания күтіп ұстау, обслуживание жасап жатыр. Кепілдеме уақыты өткен. Кепілдеме уақыты өткеннен кейін тұрғындар, әр үйдің тұрғындары өз үйлерін күтіп ұстау жүргізуі керек. Текущий ремонт дейміз, ремонт фасада, кровли бар, подвал бар.

Зарина Базылова, қала тұрғыны:

- Өзіміз, жительдер ақша жинап, сорғызғанға мен қарсымын. Мерзімі өтіп кетсе де КСК өздері сорғызуы керек деп ойлаймын.  Басқарушы компания өкілдеріне қоңырау шалып едік, олар 18-үйге лезде келіп, жертөледегі суды сору жұмыстарына кірісіп кетті.

Мейіржан Әкімбек, басқарушы компания басшысы:

- Водоканалмен бірге бүкіл люктарын жудыртып, тазалағанбыз. Алдыңғы күні тағы да бітелді. Бітелу себебі канализацияны тұтас тазалағанда үлкен тряпка шықты. Кәдімгідей еден жуатын тряпка. Сол себептен бітеліп, 18-үйдің үшінші подъезіне қайта су аққан.

«Кәріздің бітелуі негізінен тұрғындардың өз кінәсінен болып отыр. Міне арада апта өтпей жатып, оқиға тағы қайталанды. Сол себепті тұрғындардан кәріз жүйесіне түрлі тұрмыстық қалдықтарды тастамауды сұраймыз», – дейді басқарушы компания өкілдері.

Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов