Медеу шатқалында қаза тапқан өрт сөндіруші отбасын құруды жоспарлап жүрген

Арслан достыққа адал, туған-туыстарына мейірімді болатын.

Бұған қоса нағыз маман еді. Марқұмды жора-жолдастары осылай деп еске алады.

Аға өрт сөндіруші Арслан Жолдасбекұлы 8 мамырға қараған түні Медеу шатқалының баурайында өрт сөндіру кезінде мерт болды. Бүгін президент жарлығымен Құрманбеков  ІІІ дәрежелі "Айбын" орденімен марапатталды. 

Арсланның арманы көп еді. Анасына келін әкеліп, отбасын құруды жоспарлап жүрген. Қолынан бәрі келетін. Кәсібімен қоса құрылыстан да хабары болатын. Үлкен үй салғысы келіп еді. Жоғары оқу орнын тәмамдап,  офицер болғысы келген. Анасының айтуынша, ол өрт сөндіруші болуды бала кезінен қалаған. 

Бақытгүл Құрманбекова, Арслан Құрманбековтың анасы:

- Кішкентай кезінен военнный формасын жақсы көріп жақын болатын. Армияға Петропавлға барып келді. Армияға да өзі барды. Келді дағы екі айдан соң жұмысқа тұрам деді. Өзіне ұнатты пожарный болам деді. Бір аптадай ерекше болып жүрді. Түрі де өзгеріп әрленіп өзім ойладым неге бұлай деп сұлу болып деп. Бәріне де солай көрініпті.

Анасының сөзін әріптестері де растайды. Сол күні Арсланның көңіл-күйі ерекше болған. Жарқылдап жүріп, түскі асты өзі ұйымдастырып, жігіттердің басын қосып суретке түскен. Ең маңызды жаңалығым бар. Осы жазда үйленем. Тойдың күнін белгіледік, деп болашақ жарының да суретін көрсетіп,  жаңалығымен бөліскен. Бірақ оның дегені болмады. Дәл сол 7 мамыр күні тау баурайындағы өртті сөндіріп жатқан кезде ағаш басып қалған.  

Шыңғыс Әбитов, №7 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы:

- Ештеңе естілмейді. От жанып жатыр. Жел бар. Жоғарыда жүрміз давление бар ештеңе естілмейді. Бірдеңе дүңк етіп түскен кезде Райм деген бала айғайлап, Шыңғыс, Шыңғыс деп шақырып алды. Қасына барсам жанып жатқан ағаштың несі құлап, астында адам жатыр екен. Басында түсінбедік. Арслан екенін. 

Арслан өрт сөндіруші болып 8 жыл жұмыс істеді. Жасы 30-ға толмаған еді. Енді оның жұмыстан оралмайтынына артынан ерген жалғыз інісі де сене алар емес. 

Қарлығаш Қайыпбекова,  Сұлтан Бейсекенов